Қыс айлары аяз бен қауіпке толы мезгіл. Бұл кезеңде көпшілік үсікке шалынып, мұздан тайып, мертігіп жатады. Елімізде осыған ұқсас қанша жағдай тіркелгенін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен Massaget.kz тілшісі сұрап білді.
Министрліктің мәлімдеуінше, соңғы үш жылда 2722 адамды үсік шалған. Оның ішінде 24 адам қысқы аяздан қайтыс болған.
"2022 жылғы көрсеткіш - 876 (өліммен аяқталғаны - 9); 2023 жылғы көрсеткіш - 1176 (өліммен аяқталғаны - 9; 2024 жылғы көрсеткіш бойынша - 1179 (өліммен аяқталғаны - 6), яғни бұл стационарлық ем алған науқастар, амбулаториялық көрсеткіштер Республика саны бойынша 2022 жылы - 608; 2023 жылы - 778; 2024 жылы - 1336 болып табылады", - деп жауап берді министрлік.
Сондай-ақ министрлік көмірқышқыл газымен уланғандардың санын ұсынды. Дерекке сенсек, соңғы үш жылда 4173 адам газдан уланып, оның ішінде біреуін ажал құшқан.
"Республика бойынша соңғы үш жылда көмірқышқыл газынан уланумен емдеуге жатқызу көрсеткіші бойынша 2022 жылда - 1350 (қайтыс болумен аяқталғаны - 1); 2023 жылғы көрсеткіш - 1586 (қайтыс болумен аяқталғаны - 0); 2024 жылғы көрсеткіш бойынша - 1237 (қайтыс болумен аяқталғаны - 0)", - делінген жауапта.
Денсаулық сақтау министрлігі мерзімдік жарақаттар бойынша, қыс айларында жарақаттану көрсеткіші өсетінін айтты.
"Республика бойынша қыс айларында жарақаттармен емделгендер саны стационарларда 2022 жылы - 150 653; 2023 жылы - 166 124; 2024 жылы - 174 375 адамды құрады. Көше жарақаттары бойынша барлық жыл мезгілдерін алғандағы көрсеткіштер саны 2022 жылы - 34 846; 2023 жылы - 39 601; 2024 жылы - 19 785 құрады", - деп қосты министрлік.
Қыстың қолайсыз ауа райы азаматтардың өміріне көп қауіп төндіреді. Көк тайғақ кездерінде жол апаттары, адамдардың жарақаттануы, жылу қазандықтарының жылуға қосылу уақытында көмірқышқыл газымен уланғандар саны артатыны да белгілі. Аталмыш статистиканы ұсына келе министрлік тұрғындарды қауіпті ауа райы кезінде сыртқа шықпауға, тайғанақ жолдарда сақ болуға, мұқият жүруге шақырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!