Мемлекеттік субсидияны жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Ішкі істер министрлігі Интерпол қызметкерлері Грузиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Тергеу нұсқасы бойынша күдікті 2020-2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Ол қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу туралы жалған шарттарды және өзге де жалған құжаттарды пайдаланып, жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған.
Қылмыстық әрекет салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге жалпы сомасы 238 миллион теңгеден аса залал келген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған.
"Ол биыл наурызда Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!