Қарағандылық кәсіпкер заңсыздыққа жол бергенін мойдағысы келмейді. Бизнес өкілі экономикалық соттың шешімімен мемлекеттік шығынды өтеу үшін 18 млн теңге төлеу керек. Алайда, бірінші соттың үкімімен келіскісі жоқ құрылыс компаниясы облыстық сотқа шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ал қоғам белсенділері қалаға келтірілген шығын өтелсін деп талап қойып отыр.
Қарағандыда құрылыс компаниясы "жер менікі" деген сыңай танытып, аумақта тұрған ағаштарды жойып жіберген. Кеңес уақытынан бері демалыс орны болып, кейін жекенің қолына өткен бұл жерге құрылыс компания өкілдері көп қабатты тұрғын үй кешенін тұрғызу ниетте. Мақсатын жүзеге асыру үшін, бизнес өкілдері он шақты емес, бақандай 232 ағаштың көзін құртқан. Бұндай бассыздыққа көнбеген тұрғындар мен қоғам белсенділері жергілікті билікке шағым түсіріпті.
"Біз құрылыс болып жатқан аумақты үнемі бақылап отырдық. Тіпті бейне түсірілім де жасадық. Қоғам белсенділері де қадағалау жасады. Құрылыс компания өкілдері ағаштарды тамырымен жұлып алып, оларды басқа жаққа әкетіп жатқанын да көрдік". - деді қала тұрғыны Наталья Габриэль.
Бір жылдан бері жалғасып келе жатқан дауды шешуге экономикалық сот кірісіп, оң шешім шығарған. Фемида өкілдерінің үкімі бойынша қала экологиясын келтірілген залал үшін кәсіпкерге 7200 ағаш отырғызу міндеттелген. Сондай-ақ, мемлекетке 18 млн теңге шығын өтеу керек екен. Алайда, бұл шешіммен келіспеген бизнес өкілдері облыстық сотқа шағым түсіріпті.
"Тиісті орган ешқандай тіркеу жүргізбеді. Соған қарамастан, бірінші соттың талабы бойынша, кінәсіз екенімізді дәлелдеу үшін айғақтар талап етті. Серіктестік өкілдерінде заңды түрде тіркеліп алған жер учакесінің құжаттары бар. Бірнеше мәрте жергілікті билік өкілдеріне ағаштарды кесуге рұқсат алу үшін өтініш білдірілген. Бірақ әр өтінішке оң жауап алмадық. Сондықтан бізге сот жүйесіне шағымдануға тура келді", - деді құрылыс компаниясының өкілі.
Енді қоғам белсенділері алғашқы сот шешімі өзгеріске ұшырайды ма деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Сондықтан, халықтың сөзі жерде қалмасын деп талап етуде. Ал экологтар болса, ағашты тамырымен жұлып алып, басқа жерге ауыстыру дұрыс шешім болмады дейді. Айтуларынша, ақылдаспай жасалған істің салдарынан бүкіл ағаш қурап кеткен.
"Бірнеше рет құрылыс компаниясы ағаштардың орнын ауыстыруға талпынды. Алайда, ол әрекет іске аспады. Кересінше, барлығы өліп қалды. Қарағандыда өсіп тұрған ағаштың орнын ауыстыратын фантастикалық техника шыққан жоқ. Мен ондайды көрмедім", - дейді эколог Дмитрий Калмыков.
Онсыз да экологиясы оңбай тұрған өндірістік өлкеге бір ағаштың өзі маңызды. Сондықтан, тұрғындар облыстық сот өкілдері бірінші соттың шешімін қалдырады деген үмітте. Олай болмаған жағдайда, әр талды түгендеген жұрт жоғарғы соттың табалдырығын тоздыруға әзірміз деп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!