Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қараша күні Алматы жұртшылығымен кездесуінде 1 мың жұмыс орнын қамтитын, еңбекақысы 2300 АҚШ долларын құрайтын шетелдік компания туралы және оған ынта танытпағандар жайлы айтқан еді. Бұл әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызығушылық тудырып, компанияға қызығушылық танытқандар аз болмады.
Шетелдің ірі мұнай-газ компаниясы біздің азаматтар үшін қомақты жалақымен арнайы вахталық 1 мың жұмыс орнын бөлген, 2300 доллар еңбекақымен. Өкінішке қарай, 50 адам ғана қызығушылық танытыпты. Мұның себебі өте қарапайым – ешкім жұмыс істеу үшін басқа жерге барғысы келмейді. Ал бұл уақытта өзге елдің азаматтары еш ойланбастан алысқа немесе шетелге кез келген жұмысқа барып жүр. Тағы айтарым, кей өңірлерге мемлекет жоғарғы оқу орындарында білім алуға арнайы гранттар бөледі. Сол 10 мың гранттың төрттен бірі ғана игерілген. Мемлекет азаматтарға жұмыс, грант бөлуде, осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керек, - деген еді.
Әлеуметтік желі қолданушыларын гранттан бұрын, жоғары еңбекақы ұсынған компания қызықтырды. Белгілі блогер Дәулет Мұқаев та өз парақшасында Президент айтқан компания жайлы білгісі келетінін жазды.
1. 100. 000 теңгелік айлықпен 1000 адамды жұмысқа шақырып жатқан компанияны естулеріңіз бар ма? Неге ол жерге 50-ақ адам барған? Неге халыққа ақпарат кеңінен жетпейді екен? Ол қандай компания, кім біледі? Аты бар ма? Резюме жіберсін, тағы да. Елімізде мұнай саласын оқып бітірген мыңдаған жан бар, - пост жариялады.
Блогердің бұл постына түрлі-түрлі пікірлер жазылды. Кейіннен Дәулет соларды саралай келе, сондай-ақ жекесіне келген хаттар бойынша екінші постын жариялады. Мұнда Президент айтқан компания барын және онда қызмет ететін мамандар пікірін жариялады.
Президент меңзеп тұрған компанияны таптым. Айтқаны өтірік емес. Татарстандағы Татнефть компаниясы екен. Яғни, жай адамға 2300$ салмайды-мыс. Әлі де вакансия бар. Сайты жазулы тұр. Оларға таныс-паныс, Бәке-Сәке емес, МАМАН керек, - деп жазып, жекесіне келген хатты дәлел ретінде көрсетеді.
Постқа сонда жұмыс істеп жүрген мамандар да пікір қалдырған. K29kz деген желі қолданушысы 1 айлық жұмысына 1 миллион алып жүргені жайлы пікір қалдырған.
Сондай-ақ компания жұмысқа орналасқысы келетіндер үшін жағдай жасамағаны жайлы жазғандар да бар.
Мемлекет басшысы айтқан жұмыс бойынша КазТаг ақпарат агенттігі жаңалығын жариялады. Олар да бұл Ресейдің "Татнефть" компаниясы екенін жазады. Өздеріне мәлім ақпарат көздері бойынша компания ұсынған жұмыс орындарына 947 адам өтініш берген. Айлық еңбекақысы 54 мыңнан 160 мың рубль арасында (қазіргі бағаммен 414 мыңнан – 1,2 миллионға дейін) деп айтылған (бұл салық пен өзге төлемдерді қоса алғанда). Жұмысшылар үш іріктеу кезең бойынша қабылданған.
Қорытындысында 51 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінен 10 адам кейін түрлі себептермен жұмыстан шыққан. Ал қалған 41 маман бүгінде жұмысын жалғастырып жатыр, - деп жазады интернет-басылым.
"Татнефть" – мұнай және газ өндіруді, мұнай өңдеуді, мұнай химиясын, жанармай құю станциялары желісін, композиттік кластерді, электр энергетикасын, мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдықтарды әзірлеу мен өндіруді қарқынды дамытатын Ресейдің ірі мұнай компанияларының бірі. Негізгі активтері Ресей Федерациясының аумағында орналасқан.
Жалпы отандық немесе шетелдік компанияларға жұмысқа орналасу үшін бос орындарды назарда ұстаған абзал. Таныс немесе араға адам салып әрекеттенуден пайда жоқ. Мұны мұнай-газ саласында қызмет атқарып жүрген маман Абзал Жұмаханов та растайды. Ол қазіргі таңда Атыраудағы Kent компаниясының КИПиА технигі маманы. Жұмысты өзі тапқанын айтады.
Жұмыс іздеп көп жүрмедім. Осы жерді LinkedIn арқылы таптым. Бірден қабылданып та кеткен жоқпын. Сұхбаттасу, тест тапсыру, т.б. секілді сынақтарынан өттім. Еңбекақы 400 мыңнан басталады. Бос жұмыс орындарын осы LinkedIn арқылы немесе компаниялардың ресми сайттарындағы вакансий бөлімдерінен қарап табуға болады. Ақша беру немесе таныс арқылы кіру деген бүгінде миф қана, - дейді.
LinkedIn немесе компаниялардың ресми сайттарынан бөлек рекрутерлік компаниялар арқылы да бос жұмыс орындарын табуға болады. Одан өзге Абзал WhatsApp арқылы, интернет арқылы жұмысқа орналастырып беремін дегендерден сақ болуға шақырады.
Қазір алаяқтықтың түр-түрі бар. Соның бірі – вахталық жақсы жұмысқа кіргіземін деп алдау. Осындай да осындай шетелдік компания жұмыс іздейді, жалақысы көп, гарантия орналастырып берем деп сендіреді. Соңында ақшаңды алып, ізім-ғайым жоқ болады. Сол үшін тек ресми дереккөздері мен өкілдеріне ғана сену керек, - дейді.
@massaget.kz #қазақстан#казахстан#жалақы#еңкөп#ғалым#рек#зарплата#жаңалық#жаңалықтар ♬ оригинальный звук - Massaget.kz