Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде ауыз су мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алма қалашығының тұрғыны қала әкіміне бұл қалашықта 23 күн бойы су жоғын айтты.
"23 күн болды, 40 үй сусыз отыр. Бұған дейін көктемде 44 күн бойы сусыз отырдық. Аудан әкімі құжат жинау керегін айтты. Кейін бізге "Алматы Су" біздің шағынауданға су жетпейтінін айтты. Қазір не су жоқ, не басқасы жоқ", - дейді ол.
Ерболат Досаев тексерістер жүргізіліп жатқанын, мәселе күн тәртібінде тұрғанын айтты.
Қала әкімінің айтуынша, су мәселесіне қатысты Бостандық ауданында шілдеде 6,3 шақырым су беру желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталған.
Әкімдік қазанда тағы 1 шақырым су құбыры және кәріз желілерін реконструкциялау жұмыстарын аяқтайды деп уәде берді.
"Бостандық ауданының жоғарғы бөлігінің тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету ең маңызды сұрақтардың бірі болып отыр. Биыл қыркүйектің аяғына дейін Ерменсай шағынауданының тұрғындарын ауыз сумен қамту үшін қуаттылығы тәулігіне 9 мың метр куб болатын су алу ғимаратының құрылысы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы шығуы керек", - деді ол.
Сондай-ақ Нұрлы тау шағынауданында 62 шақырым сумен жабдықтау және 34 шақырым кәріз жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жуық арада аяқталатыны айтылды. 2024 жылғы қарашада мемлекеттік сараптамадан нәтижесі күтіледі.
"Осы жобалар Бостандық ауданының жоғарғы бөлігінің 25 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Алматының кейбір аудандарында ауыз су мәселесі қалай шешіліп жатқанын хабарлаған едік.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!