23 қарашадан бастап жол ережесіне байланысты өзгерістер күшіне енеді: не білу керек?

23 қарашадан бастап жол ережесіне байланысты өзгерістер күшіне енеді: не білу керек?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

10 қарашада жол ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер 23 қарашадан бастап күшіне енеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жылдамдықты шектеу бойынша

Елдімекендерде жүк көліктерінің жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін шектелді. Бұл шектеу жол белгілерімен нақты жылдамдық көрсетілген учаскелерге қолданылмайды (мысалы 80-90 шақ/сағ). БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, жылдамдық 60-65 шақ/сағ болғанда жаяу жүргіншінің қаза болу ықтималдығы 50 шақ/сағ-пен салыстырғанда 4,5 есеге жоғары.

Колонналарға қатысты

Боран, тұман, қар, жаңбыр кезінде жол апаттарының алдын алу мақсатында патрульдік көлік ілесіп жүретін колонналарға қатысты талаптар да жаңартылды: колонна ішінде маневр жасауға, басып озуға немесе өздігінен тоқтауға тыйым салынады; көлік тізбегіндегі көлік саны 10-нан асса, екі патрульдік көлік ілесіп жүру міндетті.

Автобустар бойынша

М2 және М3 санатындағы барлық автобусқа жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін аялдамаларда тоқтауға рұқсат етілді.

Маяк қолдану бойынша

Ірі көлемді және қауіпті жүктерді, велосипедшілерді, сондай-ақ, балаларды тасымалдайтын автобустарды алып жүру кезінде жылдам алынатын бекітпесі бар, қызғылт сары немесе сары түсті құралдарды рұқсатсыз қолдануға болады. Бұған дейін мұндай маяктарды пайдалану үшін рұқсат құжаттарын алу, қайта жабдықтау рәсімінен өту және техникалық куәлікке белгі енгізу талап етілетін.

Сондай-ақ, жол парағын электрон түрде қолдануға рұқсат берілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget