- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алаяқтық
22 жастағы шетелдік Қарағандыда кибералаяқтықпен айналысқан
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Қарағанды облысы полиция департаменті жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жақын шет елдердің бірінің 22 жастағы тұрғыны ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оған ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының идентификациялық кодтарын заңсыз өзгертіп, азаматтарды алдау мақсатында пайдаланған деген айып тағылған.
Тінту барысында дыбыс күшейткіш ретінде жасырылған арнайы құрал-жабдық тәркіленді. Бұл құрал Қазақстан Республикасы азаматтарына банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері атынан қоңырау шалып, алдау және алаяқтық әрекеттер жасау үшін пайдаланылған.
Тәркіленген құрал-жабдыққа қатысты 48 абоненттік нөмірден азаматтарға қоңыраулар жасалғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа алаяқтық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті прокуратураның келісімімен қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина