216 шаршы метр бастырма отқа оранған: Түркістанда 14 электромобиль өртеніп кетті
Облыс орталығына айналғалы бері Түркістанды көріп, көрікті жерлерін аралағысы келетіндердің саны күн санап артып келеді. Міне, сондай туристерге қаланы аралатуға арналған 14 электромобиль өртеніп кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 15 сәуір күні сағат 04:17-де болған. "Яссы нұр" серіктестігіне тиесілі 216 шаршы метр бастырма және сол жердегі 14 электромобиль отқа оранған.
Өртсөндірушілер сағат 04:47-де өртті сөндірген. Адамдар аман. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Айта кетсек, Төтенше жағдайлар министрілігінің есебі бойынша елде тіркелген оқиғалардың 96,5%-ы – техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар.
"Техногендік сипаттағы жағдайлардың негізгі үлесі – өндірістік және тұрмыстық өрттер. Олардың көлемі – 88,6%. 2023 жылғы үш айда 2 304 өрт болды, одан 199 адам зардап шекті, 120 адам қаза тапты. Материалдық шығын 703,59 млн теңге", - деп көрсетілген ведомство мәліметінде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы