ҚМА-ның Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражат жымқырылуына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
2025 жылы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көрсету туралы "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ға өтініш жасаған. Жобаны іске асыруға 223 млн теңге бөлініп, оны "ӨзенМұнайГаз" АҚ "Жарылқау" қоғамдық қорына аударған.
Бастапқыда жоба аясында медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алу және мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жобаның шарттары өзгертіліп, бөлімшені кешенді түрде жабдықтаудың орнына қоғамдық қор, қалалық аурухана және AKBS Invest ЖШС арасында жалпы құны 210 млн теңге тұратын, күйікке шалдыққан науқастарға арналған небәрі екі арнайы кереует сатып алу жөнінде үшжақты шарт жасалған. Бұл ретте сатып алу заң талаптарын айналып өткен. Өйткені мұндай бағадағы медициналық техниканы заңнамаға сәйкес Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу қажет.
Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары тергеліп жатыр
Тергеу дерегінше, заңсыз іске қалалық аурухана директорының орынбасары, "Жарылқау" қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім берушінің қатысы бар. Жабдық сатып алуға небәрі 92 млн теңге жұмсалған. Тергеу нұсқасы бойынша қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген.
AKBS Invest ЖШС өкілі қылмыстық жолмен түскен қаражатқа елордадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.
Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы (лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану дерегі) бойынша тергеу басталды.
Үш күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде 2 пәтерге, 2 тұрғын үйге және көлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова