Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті "Альби" ломбард желісінің заңсыз қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Тергеу мәліметінше, бұған дейін "Альби-Ломбард" ЖШС микроқаржы қызметімен айналысатын ұйымдар тізімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған. Алайда компания атауын "Альби-КМ" ЖШС деп өзгерткеннен кейін де Алматы, Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, қарыз беруді тоқтатпаған.
Ломбардтар базарлар мен сауда үйлері маңында орналасқан. Күдікті клиент тарту үшін кепілге қойылған мүлік жоғары бағаланатынын және қарыз алу несие тарихына әсер етпейтінін айтып, жарнама таратқан. Қарыз күніне 2 пайыз өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыз шекті мөлшерлемеден алты есе жоғары.
Қарыз шарттары бұрынғы "Альби-Ломбард" ЖШС-ның мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ал ақшалай есеп айырысу қолма-қол және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген.
21 пәтер, 5 жер телімі, 7 көлік, 7 гараж
Қылмыстық жолмен түскен табыс көлемі 146 млн теңгеден асқан. Күдікті әйелге ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Соттың рұқсатымен оның мүлкіне, яғни 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 көлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова