Жаңаөзендегі ауруханада 29 жастағы дәрігер кісі қолынан қаза тапты. Оқиғаның мән-жайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31 арна сюжетіне сілтеме жасап.
Мән-жайы
28 қаңтарда шамамен сағат 14:00-де белгісіз ер адам терапевт дәрігерге шабуыл жасап, оған пышақ сұққан.
Алдын ала дерек бойынша бұл оқиғаның дәрігердің кәсіби қызметі мен медициналық мекемедегі жұмысына қатысы жоқ.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті адам өлтіру дерегін растады. Полицияның мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оқиғадан кейін күдікті өз еркімен Жаңаөзен полиция басқармасына барып, жасаған ісін мойындаған.
"Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді бұған дейін полиция.
Марқұмның жақындары не дейді?
Телеарна мәліметінше, марқұмның жақындары күдіктінің қылмысқа баруына қызғаныш себеп болғанын айтқан, қамауға алынған адамның жұбайы медбике болып жұмыс істеген.
Марқұмның анасының айтуынша, ұлына 21 жерден пышақ жарақаты салынған.
"Адам дұшпанына да, итке де бұлай жасамайтын шығар. Өзі кішкентай бала еді ғой. 21 жерден пышақ салғанға дейін бір адам көрмегені ме? Бәрі қарап тұра берген бе?" - деді ол.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, марқұм шабуыл кезінде көп жарақат алған.
"Шұғыл түрде ота жасалды. Емдеу шараларына қарамастан, әріптесіміз қайтыс болды", - деді Бекболат Ізбасаров.
Телеарна мәліметінше, дәрігердің артында ұлы мен қызы қалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова