- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "21 жасымда бірінші...
"21 жасымда бірінші топ мүгедегі болып қалдым". Дәрігерді атқан суретші тағдыры жайлы айтып берді
Абай облысының Аягөз қаласында дәрігерді атқан суретші тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінде суретті ағашқа ойып салумен көпшілікті тәнті етіп жүрген қылқалам шебері Қалибек Айнажаровтың өнердегі жолы өзгеше болғанымен, өмірдегі жолы бұралаңға толы. Талант иесінің осыдан тура 40 жыл бұрын Алматыға арнайы барып, дәрігерді атқаны әлі күнге көз алдынан кетпейді.
"Аттай шауып жүрген бала едім. 12 жасымда науқастанып, кейін бірнеше рет операция жасаттым. Оның ешқайсысы нәтиже бермей, 21 жасымда қоларбаға таңылып, бірінші топ мүгедегі болып қалдым. Маған алматылық дәрігердің дұрыс диагноз қоймағанын кейін мәскеулік медицина мамандарынан білдім. Мені өмір бойы мүгедек қылған дәрігердің хирург емес, 4 жылдық санитарлық-гигиеналық маман даярлайтын оқу орнын тәмамдағанын да кейін білдім" дейді суретші.
Соған ыза болған кейіпкеріміз 1983 жылы Алматыға барып, өзіне дұрыс диагноз қоймаған дәрігерді мылтықпен атады. Абырой болғанда, ол жеңіл жарақат алып, аман қалады. Сот Қалибек Айнажаровты үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындайды. Бұл оқиға туралы 1986 жылы "Диагноз" деген фильм де түсірілген. Осы атпен кітап та жарық көрген.
Ал қылқылам шебері ағашқа бедерлеп сурет салумен 1997 жылдан бері айналысып келеді. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерімізді, мұраларымызды, батырлығымызды, ақындығымызды, бір сөзбен айтқанда, халқымыздың жауһарларын сырланған жансыз тақтай арқылы елімізге, әлемге паш етіп жүрген суретшінің талғамы терең, тақырыптары сан алуан. "Адам ата мен Хауа ана", "Балалық шақ", "Дала аруы" "Голгофаға жол", "Үш жүз", "Қобызшы", "Періште мен төрт салт атты", "Гурдофарид пен Сухрабтың жекпе-жегі, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Омар Хайям" тақырыбындағы туындылары әлемдік деңгейде мойындалды.
2009 жылы Мәскеуде өткен "Бітімгер" ("Миротворец") бүкіләлемдік Альянсында халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен бейбітшілік идеясы және әлемдік мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін "Дарын және қабілет" күміс медалімен марапатталды. Ерекше атап өтерлігі, ол осы марапатты алған, есімі әлемдік дәрежедегі суретшілердің реестріне енген тұңғыш қазақ. 2006 жылы тағайындалған бұл халықаралық сыйлық 10 жыл көлемінде Кэри-Хироюки Тагава, Валерий Золотухин, Квентин Тарантино, Мишель Родригес, Римма Маркова, Ежи Штур, Эрик Робертс, Юрий Яковлев, Эдриан Пол, Анатолий Кузнецов, Майкл Мэдсен, Сергей Никоненко, Майкл Дуглас, Дмитрий Миллер, Владимир Этуш, Лидия Федосеева-Шукшина, Алла Демидова, Майкл Йорк, Людмила Касаткина, Юрий Соломин, Александр Панкратов-Черный секілді есімі әлемге танымал тұлғаларға табысталған екен.
"2010 жылы Аргентинадан электронды поштама: "Құрметті Қалибек Ішпекбайұлы, сіздің жұмысыңызды испан, ағылшын, француз тілдерінде жарық көретін кітапқа шығаруға рұқсат беруіңізді сұраймыз" делінген хат келді. Бұл ұсынысқа қуана келістім. Кейін суреттерім шетелдік журналдарда, әртүрлі сайттарда жарық көре бастады" дейді суретші.
Бір өкініштісі, туындылары шет елдіктерді тамсандырған қылқалам шеберінің жеке шеберханасы жоқ. Аягөз қаласындағы ескі жер үйде тұрады. Арманы – көп қабатты үйден жаңа пәтер алып, жеке шеберханасын ашу.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы