Қызылорда облысында өз жұбайын қатыгездікпен өлтірген азаматқа сот үкім кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік жағдай биыл шілдеде Шиелі ауданы Майлытоғай елді мекеніне қарасты малшы ауылда болған. Екі кештің ортасында ерлі-зайыптылардың арасындағы дау жанжалға ұласқан. Күйеуінің аяусыз соққысынан соң 21 жастағы әйел оқиға орнында жан тапсырды.
"Сотталушы заңды некедегі әйелін "қонақ бөлмеде планшетпен белгісіз адаммен сөйлесіп отырсың" деп, болмашы нәрсені желеу етіп, ашуға булығып, қолындағы планшетті тартып алады. Бөлменің қабырғасына ұрып сындырады. Ағаш ас үстелінің аяғын сындырып, қолына алып, басынан, денесінен бірнеше рет теуіп, ұрып-соғып, жәбірленушіні қасақана өлтірген", - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы Гүлдана Досан.
Марқұмның жақындарының сөзінше, ер адам жұбайын осыған дейін де бірнеше мәрте ұрып-соққан. Некелескеніне жылға жуықтаған жұптың туыстары тіл табысар деген үмітпен заң органдарына жүгінбеген. Алайда ақыры орны толмас өкінішке әкеліп отыр.
"Сотталушы Жаңабай Біржан Жаңабайұлына ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталушы Жаңабай Біржан Жаңабайұлына Қылмыстық кодекстің 60-бабы 1-бөлігінің талабына сәйкес, Қызылорда қалалық №2 сотының 22-ақпан 2024 жылғы үкімімен тағайындалған бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігіне ішінара қосу арқылы түпкілікті 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Думан Әлиев.
"Сот мырза, істеген әрекетіме қатты өкінемін. Сол үшін бәріңізден шын жүректен кешірім сұраймын", - деді Біржан Жаңабай.
Бұл - айыпталушының соңғы сөзі. 26 жастағы Шиелі ауданының тұрғыны осыған дейін де сотталған. Тіпті бас бостандығынан шектеу жазасы әлі аяқталмаған. Ерлі-зайыптылардың арасындағы некеден қалған 1 жасар бүлдіршінді сот Шиелі аудандық білім бөлімі жанындағы қамқоршылық ұйымының қарауына беруді шешкен. Ал марқұмның анасы бейкүнә сәбиді өз қолыма алсам дейді.
"Қызымды жерледім, сол күні кішкентай қызды алып келдім. Содан бері қызым қолымда. Оны Шиелі аудандық қамқоршы үйіне беру туралы шешім шығарып қойды. Мен оған келіспеймін. Қызымнан айырылдым, оның баласынан айырылғым келмейді", - деді жәбірленушінің анасы Салтанат Ырсалдиева.
Марқұмның бұрынғы некеден туған 3 жасар қызы қазір нағашы әжесінің қолында. Немересінің тағдырына алаңдаған ана жетім қалған жазықсыз жандарды бірге өсіретінін айтты. Сәбиге қатысты істі қайта қарауға өтінім бермек.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!