20,9 миллиард теңгені игере алмаған министрліктер мен өңірлер белгілі болды

20,9 миллиард теңгені игере алмаған министрліктер мен өңірлер белгілі болды
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қаржы министрі Мәди Такиев 2024 жылғы қаңтарда 20,9 миллиард теңгені игере алмаған министрліктер мен өңірлерді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, биыл қаңтарда мемлекет бюджетіне шамамен 1 триллион теңге түскен.

"Республикалық бюджеттің кірісі 521 миллиард теңге болды. Кірістер бойынша жоспар 143 миллиард теңгеге орындалмады, оның ішінде 151 миллиард теңге көлемінде салықтар түспеді", - деді Мәди Такиев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, министр негізгі экспорттық тауарлар арзандап жатқанынын атап өтті.

"Мәселен 2024 жылғы қаңтарда металдың бағасы орта есеппен 10,3 пайызға төмендеді. Бағаның төмендеу факторы, сондай-ақ, ірі компанияларда туындаған логистика мен өткізудегі қиындықтар республикалық бюджеттің негізгі салықтары бойынша болжамды көрсеткіштердің орындалмауына әсер етті. Бұл - корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы", - деді ол.

Сонымен қатар Мәди Такиев мемлекет қаржысын игере алмаған министрліктерді атады.

"Республикалық бюджет бойынша 1,5 триллион теңгеге шығыс жүргізілді. Атқарылмау - 33 миллиард теңге, оның ішінде 13 миллиард теңге - үнемдеу, ал 20 миллиард теңге игерілмеді.

Ең көп игерілмеу сомасы - мәдениет және ақпарат, экология және табиғи ресурстар, ішкі істер, қорғаныс министрліктерінде", - деді министр.

Игерілмеудің негізгі себебі - 663 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар, конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ уақыт өткізу.

Ведомство басшысы мұндай мәселе облыстарда да кездетесінін жеткізді.

"Жергілікті бюджеттердің шығысы 422 миллиард теңге болды. 24 миллиард теңге атқарылмады. Биыл өңірлерге 1,8 триллион теңгеге нысаналы трансферттер көзделді. Оларға 1 ақпанда 6 миллиард теңге бөлінді. Олардың 83,5 пайыз игерілді. Атқарылмағаны - 1 миллиард теңге, оның ішінде 0,1 миллиард теңге - үнемдеу, ал 0,9 миллиард теңге игерілмеді. Неғұрлым көп игерілмеу - Түркістан, Алматы, Жамбыл және Атырау облыстарында", - деді Мәди Такиев.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz