2035 жылға қарай әлемдегі мұсылмандар саны христиандардан асып, ислам діні ұстанушылар саны бойынша әлемде бірінші орынға шығуы мүмкін. Бұл туралы Massaget.kz DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, мұндай болжамды Вашингтондағы Pew Research Center коммерциялық емес талдау орталығының мамандары 18 қарашада жариялаған.
AP агенттігінің жазуынша, бұл өзгерістің негізгі себептерінің бірі — мұсылман отбасыларында басқа ірі діни топтармен салыстырғанда бала санының көп болуы. Pew Research Center дерегінше, 2020–2025 жылдары бір мұсылман әйелге орта есеппен 3,1 баладан, ал бір христиан әйелге 2,5 баладан келген.
Өзге діни топтарда бұл көрсеткіш орта есеппен 1,6 болған. Бұл ұрпақ алмасуы кезінде халық санының сақталуына қажетті деп есептелетін 2,1 деңгейінен төмен.
Орталықтың бағалауынша, 2020 жылы әлемде 2,27 миллиард христиан және 2,02 миллиард мұсылман болған. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай мұсылмандар саны 2,57 миллиардқа, ал христиандар саны 2,52 миллиардқа жетеді.
Егер қазіргі үрдістер сақталса, 2070 жылға қарай әлемдегі мұсылмандар саны 3,6 миллиардтан асады, ал христиандар саны 3 миллиардқа жуықтайды.
Болжам жасау кезінде халықтың жас құрылымы, туу көрсеткіштері, сондай-ақ діни сенімін өзгерту және көші-қон үрдістері ескерілген.
Pew Research Center мамандары шамамен 40 жылдан кейін АҚШ-та христиандар халықтың басым бөлігін құраудан қалуы мүмкін деп болжайды. Қазір олардың үлесі елдегі ересек тұрғындардың 62 пайызын құрайды. Ал 2065 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайыздан төмен түсуі ықтимал.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз