2035 жылға дейін Астана қалай өзгереді?

2035 жылға дейін Астана қалай өзгереді?
Фото: pixabay.com

Үкімет Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті. Онда елорданың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымы одан әрі қалай дамитыны туралы айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тиісті қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.

Қала халқы 2,3 миллионға жетеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Астананың негізгі қала құрылысы құжаты қоғамда кеңінен талқылаудан өтті. Онда қаланы қарқынды дамыту шаралары қарастырылған. Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының саны - шамамен 1,2 миллион адам, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,3 миллион адамға жетеді деп күтіліп отыр.

Бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. 2029 жылға дейін 15 заманауи оқушылар сарайы салынады. Мұның барлығы жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.

Елорданың тұрғын үй қорын 68,2 миллион м2-қа дейін, ал жол желісінің ұзындығын 1000 щақырымға 2,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қоғамдық көліктің баламалы түрлерін дамытып, негізгі магистральдарда, әсіресе, Есіл ауданында кептелістерді жеңілдету үшін бес ірі көпір салу жоспарланған.

Су қалай үнемделмек?

Су тұтыну көлемінің өсуін ескере отырып, Ертіс-Қарағанды каналынан тартылатын су құбырымен тәулігіне 210 мың текше метрге №4 сорғы-сүзгі стансасы салынады. Бұл ретте техникалық сумен қамтамасыз ету үшін өндірістік қуаты тәулігіне 160 мың текше метрге дейін жететін "Тельман" сорғы стансасын кеңейту көзделген.

Жылу және электр энергиясы бойынша 3-ЖЭО-ның екінші кезегін, төрт жаңа газ жылу стансасын салу және 2-ЖЭО-ны кеңейту, сондай-ақ 110/10 кВ 14 қосалқы стансаны іске қосу жоспарланған.

Елорданы газдандыру мәселесі

Газбен жабдықтау мәселелерін шешу үшін қолданыстағы АГТС-1 және АГТС-2 автоматтандырылған газ тарату стансаларының қуаты ұлғайтылады, сондай-ақ, ұзындығы 71 мың шақырымнан асатын жаңа тармақ бойынша "Сарыарқа" магистральдық газ құбырына қосылатын АГТС-3 салынды.

Сонымен қатар, былтыр қосымша 2 700 гектар жер бөлінген Астананың "жасыл белдеуін" дамыту жалғасады, онда, сондай-ақ қоғамдық және аула аумақтарын абаттандыру шаралары қабылданады.

Қанша қаржы бөлінеді?

2025 жылға дейінгі бас жоспарды іске асыруға барлық қаржы көзінен тартылған инвестиция көлемі - 6,3 триллион теңге. Оның 4,3 триллион теңгесі тұрғын үй құрылысына жеке инвестициялар, 700 миллиард теңгесі инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі.

Жасұлан Ордабаев

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz