2030 жылы елорда тұрғындарының саны 2,5 миллионға жетуі мүмкін

2030 жылы елорда тұрғындарының саны 2,5 миллионға жетуі мүмкін
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Елорданың алғашқы бас жоспарында халық саны 800 мыңға жуық болатыны жоспарланған еді. Ал 2030 жылы Астана тұрғындарының саны 2,5 миллионға жетуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Үкімет кулуарында журналистердің сауалдарына жауап беруі кезінде мәлімдеді.

"Бас жоспарға сәйкес аумақ тығыздығының белгіленген стандарттары бар. Полицентрлі принципі негізінде қаладағы әрбір ауданда әлеуметтік нысандар болуы керек. Халық санының қарқынды өсуі, жаңа аудандардың ашылуы, көлік санының еселеп ұлғаюы. Мұның бәрі қаланың бас жоспарында ескеріледі", - деп түсіндірді вице-премьер.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, елорданың алғашқы бас жоспарында халық саны 800 мыңға жуық болатыны жоспарланған.

"2010 жылғы бас жоспарда 2030 жылы қалада 1 миллион 200 мың адам болады деп болжанған еді. Алайда бұл көрсеткішке 2020 жылы жетіп қойдық. Осы жағдайды ескеріп, қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеп жатырмыз. 2030 жылға қарай қаладағы халықтың саны 2-2,5 миллион адамға жетуі мүмкін", - деді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, бұған дейін белгілі ақын Несіпбек Айтұлы Астанаға жыл сайын 40 мың оқушы келетінін ескеріп, көші-қон процесін қолдан тежеу қажет екенін айтқан болатын.

"Кейінгі отыз жылда халық ауылды тастап, жаппай қалаға ағылып жатыр. Соның салдарынан Астана сияқты қалалардың ахуалы тым қиын. Менің естуімше, қалаға жыл сайын 40 мыңдай оқушы келетін көрінеді. Астана резеңке емес қой созыла беретін. Сондықтан енді қалаға көшіп келушілерді шектеу керек деп ойлаймын. Одан да басқа қалаларды, басқа өңірлерді дамытуды қолға алу керек. Әйтпесе, су мәселесі, басқа да мәселелер ертең үлкен проблемаға айналуы мүмкін", - деген еді ақын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz