2027 жылы қазақстандықтардың Азия елдеріне тікелей ұшу мүмкіндігі артады. Гонконгтің Cathay Pacific және Оңтүстік Кореяның Korean Air әуе компаниялары Қазақстанға рейс ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Қазақстанға ұшуды бірінші болып Cathay Pacific әуе компаниясы бастауды жоспарлап отыр. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі таратқан мәліметке сәйкес, тасымалдаушы 2027 жылдың бірінші тоқсанында Гонконг пен Алматы арасында тікелей әуе қатынасын ашпақ.
Рейстерді кең фюзеляжды Airbus A330-300 ұшақтарымен аптасына үш рет орындау жоспарланған.
Бұл Қазақстан мен Гонконг арасындағы жалғыз тікелей әуе бағыты болмақ. Қазір екі қала арасында қатынайтын жолаушылар басқа әуежайларда ұшақ ауыстырып мінуге мәжбүр.
Cathay Pacific – Гонконгтің халықаралық әуежайында орналасқан ең ірі жергілікті әуе компаниясы. Ол әлем бойынша 200-ден астам бағытта жолаушылар мен жүк тасымалдайды.
Жаңа бағытты ашу жоспары Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Гонконг арнайы әкімшілік ауданы әкімшілігінің басшысы Джон Лидің кездесуінде талқыланды. Келіссөзге Cathay Pacific компаниясының клиенттермен жұмыс және коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры Лавиния Лау да қатысты.
Қазақстан нарығына шығуды жоспарлап отырған тағы бір тасымалдаушы – оңтүстіккореялық Korean Air. Әуе компаниясы Сеул – Алматы бағыты бойынша рейстерді 2027 жылдың жазында іске қоспақ.
Бұл туралы Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрінің азаматтық авиация мәселелері жөніндегі орынбасары Чон Чхе Гёмен кездесуінен кейін белгілі болды. Келіссөз ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі VII дүниежүзілік конференциясы аясында өтті.
Көлік министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында аптасына 12 тұрақты жолаушылар рейсі орындалады. Ұшақтар Астана – Сеул, Алматы – Сеул және Шымкент – Сеул бағыттары бойынша қатынайды.
Korean Air рейстерінің ашылуы екі ел арасында сапарлайтын жолаушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтеді.
«Вице-министр тасымалдаушының 2027 жылдың жазында Сеул – Алматы бағыты бойынша рейстерді орындай бастау ниетін құптады», – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Кездесуде екінші бағытты ашу мүмкіндігі де талқыланды. Korean Air Сеул мен Астана арасында рейстер ашудың келешегін зерделеуге қызығушылық танытқан. Алайда бұл бағыттың нақты қашан іске қосылатыны әзірге айтылған жоқ.
Жаңа рейстерден бөлек, тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы әуе қатынасы туралы келісім мәселесін қарастырды.
Құжатты әзірлеу жұмысы әлі жалғасып жатыр. Қазақстан тарапы келісімге қол қоюға дайын екенін растады. Ол әуе қатынасын одан әрі дамытуға және екі елдің авиациялық билік органдары арасындағы ынтымақтастыққа қажетті құқықтық шарттарды айқындауға тиіс.