2027 жылы ең төменгі жалақы көтерілуі мүмкін

Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін өзгерту жоспарына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш келесі жылы көтерілуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Серік Жұманғарин Құрылтайда өткен брифингте бұл мәселе Үкімет пен Президент әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатқанын айтты. Шенеуніктің сөзінше, бюджет жобасында әзірге 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақы көзделген. Үкімет жалақыны көтерудің түрлі нұсқасын қарастырған, бірақ олар әзірге бюджетке енгізілмеген.

"Жақын арада нәтиже жарияланады деп ойлаймын, бірақ нақты мерзімін айта алмаймын", - деді министр.

Айта кетейік, ЕТЖ - ең төменгі жалақы, толық жұмыс істелген айлық норма үшін заңмен белгіленген еңбекақының ең төменгі мөлшері.

Қазақстанда 2024 жылдан бері ең төменгі жалақы - 85 мың теңге. Сол кезде ол 70 мың теңгеден көтерілген болатын. 2025 жылы депутаттар оны 110 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды.

Ал Серік Жұманғарин оның "ауылы алыс емес" екенін айтты, бірақ күте тұруға шақырды. Кейін Үкімет бұл мәселені 2027-2028 жылдары қарайтынын хабарлады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз