2027 жылы бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа ипотека іске қосылуы мүмкін

2027 жылы бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа ипотека іске қосылуы мүмкін
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстанда 2027 жылы бастапқы жарнасы 10 пайыздан басталатын ипотекалық несие беру жүйесі іске қосылуы мүмкін, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте айтты.

Оның сөзінше, қазір ипотека бойынша бастапқы жарнаны төмендету мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тиісті қаржылық модель "Отбасы банкпен" бірлесіп әзірленуде.

"Қазір біз бастапқы жарнаны төмендетуді көздейтін тетіктерді пысықтап жатырмыз. Қаржылық модельді "Отбасы банкпен" бірлесіп әзірлеудеміз. Шамамен 2027 жылы осы жаңа тетіктерді жариялаймыз", – деді Бақытжан Жүнісбеков.

Комитет төрағасы қарастырылып жатқан өзгерістердің бірі ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендету екенін атап өтті.

Әзірге жаңа тетіктің нақты шарттары, несие мөлшерлемесі, оған қатыса алатын азаматтардың санаты және баспана құнына қойылатын талаптар жарияланған жоқ. Бұл мәліметтер қаржылық модель толық әзірленгеннен кейін белгілі болуы мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget