2027 жылы Астанада жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің айтуынша, жаңа әуежай құрылысына осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірі тартылады.
«Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстанның бірнеше өңірінде әуежай құрылысы қатар жүріп жатыр. Президент мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмағанын жеткізді.
Сонымен қатар Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Алдағы уақытта Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
О. Сансызбай