Ұлыбританияның The Economist басылымы дәстүрлі "The World Ahead" арнайы шығарылымында 2027 жылы әлемге ықпал етуі мүмкін негізгі үрдістерді атады. Басылым редакторы Том Стэндидж алдағы жылды ғылыми-фантастикалық фильмге теңеген, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Ғарышқа компьютер орналастырғысы келетін зымыран миллиардері әлемдегі алғашқы триллионер атанды. Дрондар соғыстың сипатын өзгертті. Таксилер жүргізушісіз жүріп жатыр. Жасанды интеллект модельдері бақылаудан шығып барады. Гуманоид роботтар сахнаға шықты. Адамдарға салмақ тастауға және денсаулығын жақсартуға көмектесетін екпелер пайда болды. Осының бәрінде жетіспейтіні – өзге ғаламшарлықтар ғана. Бірақ олардың 2027 жылы пайда бола қоюы екіталай, – деп жазады автор.
Жоғарыда атап өткендей, жүргізушісіз көліктер, гуманоид роботтар, ғарыш жобалары мен жасанды интеллектінің дамуы күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келеді. Басылым болжамындағы көпшілікке маңызды бағыттарды ықшамдап ұсынамыз.
Мемлекеттік шығындардың көбеюі, жасанды интеллект инфрақұрылымына салынған инвестициялар және энергия бағасының өсуі инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Соның салдарынан пайыздық мөлшерлемелер жоғары деңгейде сақталып, компаниялар мен азаматтарға қарыз алу қиындай түседі.
ЖИ компанияларының қарызы мен кибершабуыл қаупінің өсуі қоғамдағы алаңдаушылықты арттырады. Жұмыс орындарының қысқаруы, деректер орталықтарының энергия мен суды көп тұтынуы да қызу талқыланбақ.
Алайда басылым бұл қауіптердің бір бөлігі әзірге нақты деректерден гөрі болжамға көбірек негізделгенін атап өтеді.
Иран төңірегіндегі қақтығыстың салдары 2027 жылы да сезілуі мүмкін. Геосаяси шиеленіс энергия тасымалына әсер етіп, тыңайтқыш тапшылығы арқылы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіруі ықтимал.
Аралық сайлаудан кейін Дональд Трамптың саяси мұрагері болуға ұмтылатын тұлғалар арасындағы тартыс күшейеді. Соған қарамастан Трамп биліктегі ықпалын сақтап, жаңа жарлықтар мен қатаң саяси қадамдарға баруы мүмкін.
The Economist Қытай мен Тайвань арасындағы шиеленіс 2027 жылдың басты геосаяси тәуекелдерінің бірі болып қалатынын болжайды. Қытай армиясының әскери дайындығын күшейтуі өңірдегі алаңдаушылықты арттыра түспек.
SpaceX компаниясының Starship зымыраны жерсеріктерді тұрақты түрде ғарышқа шығара бастаса, ұшу құны төмендеуі мүмкін. Бұл жеке ғарыш станцияларын дамытуға және орбитада деректер орталықтарын орналастыруға жол ашады.
2027 жыл тарихтағы ең ыстық жылдардың біріне айналуы ықтимал. Аптап ыстық, құрғақшылық, орман өрттері және басқа да табиғи құбылыстар жиілеуі мүмкін.
Басылым "супер Эль-Ниньо" құбылысына назар аударған. Бұл – мұхит суының қатты жылынуы салдарынан әлемнің түрлі аймақтарында ыстық пен қуаңшылықты күшейтетін климаттық құбылыс.
Арықтауға арналған дәрілер салмақ тастауға көмектесіп қана қоймай, тұтынушылардың әдет-салтын да өзгертіп жатыр. Арықтап, жаңа өмір бастағандай күй кешкен адамдар киім мен косметикаға, фитнеске ақшаны көптеп жұмсайды. Енді фармацевтика компаниялары адам өмірін ұзартатын терапияларға қызығушылық таныта бастайды.
2027 жылы "Жұлдызды соғыстар", "Кек алушылар" және Джеймс Бонд секілді танымал кинофраншизалардың қайта жандануы күтіледі. Бұл Голливудтың көрерменді кинотеатрға қайтару үшін бұрыннан белгілі жобаларға сүйенетінін көрсетеді.