2027 жылдың аяғында іске қосу жоспарланып отыр: Алматы әкімдігі LRT-ға қатысты сұрақтарға жауап берді

Алматыда LRT желісін 2027 жылдың аяғында іске қосу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір қандай жұмыстар істеліп жатыр?

Қала әкімдігі мәліметінше, LRT бірінші желісінің құрылысына дайындық жалғасып жатыр. Қазір негізгі жұмыстар Б.Момышұлы және Төле би көшелерінде жүргізіліп жатыр. Мұнда желі өтетін аумақты дайындау және құрылыс аймағына кіретін инженерлік коммуникацияны қайта орналастыру жұмыстары қолға алынған.

Сонымен қатар, ескі трамвай рельстері алынып, жолдың ортаңғы екі жолағында топырақ қазылған.

"Жұмысты ұйымдастырудың негізгі қағидаты - шеткі жолақтарда көлік қозғалысын сақтау. Инженерлік желілерді қайта орналастыру қажет болған жағдайда жол қозғалысы қарсы бағыттағы бір жолақ арқылы ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстарға байланысты кейбір учаскелердегі шектеу әдетте бір-екі күннен аспайды. Инженерлік желілерді қайта орналастыру - LRT өтетін аумақты дайындау кезеңі. Кейбір учаскелер босаған сайын желі құрылымдарын орнату, шпал мен рельс төсеу және басқа да жұмыстар басталады", - деді әкімдік өкілдері.

Қыста да жұмыс тоқтамайды

Құрылыс-монтаж жұмыстары қыс мезгілінде де жалғасады. Температура төмендеген кезде топырақты сақтау, қысқы жағдайда бетон құю секілді арнайы технологиялық шаралар қолданылады.

LRT бағыты

Айта кетейік, LRT бірінші желісінің бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Б.Момышұлы көшелері маңында орналасатын деподан басталады. Одан әрі желі Б.Момышұлы көшесімен Төле биге, Төле би көшесі арқылы шығыс бағытта Абылай хан даңғылына, одан әрі Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция ретінде "Райымбек батыр" көлік-ауысу торабы қарастырылған.

LRT жер үстінде болады

"LRT желісінің бірінші кезеңі толық жер үстінде болады. Жоба аясында эстакада салу жоспарланбаған, тек қолданыстағы көпір құрылымдарын күшейту қарастырылған. LRT іске қосылғаннан кейін Б.Момышұлы және Төле би көшелеріндегі жолдың ортаңғы екі жолағы тек жеңіл рельсті пойыздардың қозғалысына беріледі. Олар жиектастар арқылы оқшауланады. Бұл қоғамдық көлік қозғалысына басымдық беріп, оның жылдамдығы мен тұрақтылығын арттыруға, жол апатының қаупін азайтуға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.

LRT пойыздарының жылдамдығы

LRT пойыздарының ең жоғары техникалық жылдамдығы - сағатына 65-70 шақырым. Алайда аялдамалар арасындағы орташа қашықтық шамамен 700 метр болғандықтан, пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 30-35 шақырым болады. 

Қашан іске қосылады?

LRT бірінші желісін 2027 жылдың аяғында іске қосу жоспарланып отыр.

"Бұл мерзім жылжымалы құрамды дайындау және жеткізу кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін", - деді әкімдік өкілдері.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!