“2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін“: Тоқаев климаттық қатерлер туралы айтты

“2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін“: Тоқаев климаттық қатерлер туралы айтты
Фото: Tengrinews.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында климаттық сын-қатерлерді ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Мемлекет басшысы климат мәселелері геосаясатпен және экономикамен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы жылдарға арналған болжамдар ауыл шаруашылығына төнуі мүмкін қауіптерді алдын ала бағалауды талап етеді.

«Қазір келесі жылға және одан кейінгі орта мерзімді кезеңге арналған әлемдегі климат ахуалы жайында түрлі болжамдар жарияланып жатыр. Климаттық күн тәртібі геосаясатпен және экономикамен тығыз байланысты.Мәселен, климаттың күрт нашарлап бара жатқанына және алдағы қуаңшылыққа байланысты алаңдаушылық жиі айтылады. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуге байланысты пікірімде осыған тоқталдым. Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін», – деді Президент.

Тоқаев ауа райындағы ауытқулардың салдары жекелеген елдермен шектелмей, жаһандық азық-түлік нарығына да әсер етуі ықтимал екенін ескертті.

«Ауа райындағы ауытқулар қуаңшылыққа, өртке, су тасқынына душар етуі, соның салдарынан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі қиындыққа тап болып, әлемдік жеткізу тізбегі бұзылуы ықтимал», – деді Мемлекет басшысы.


Ақорданың баспасөз қызметі

Президент ауыл шаруашылығын дамыту мен су ресурстарын басқаруда осы қауіптердің бәрін ескеру қажет екенін айтты. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстың баяу жүріп жатқанын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын басқару ісінде біз осындай қауіп-қатерлердің бәрін ескеруіміз керек. Біз бұл мәселені енді қолға алып жатырмыз. Бірақ жүрісіміз баяу. Өйткені еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне де тоқталды. Ол салалық министрлік Астанада орналасқан халықаралық ұйыммен бірлесіп, Қазақстан мен серіктес елдерге арналған ұсынымдар әзірлей алатынын айтты.

«Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында азық-түлік қауіпсіздігімен айналысатын халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқан. Салалық министрлік аталған ұйыммен бірге әлемдегі күрделі ахуалды ескере отырып, Қазақстанға және біздің серіктестерімізге арналған ұсынымдар әзірлей алады», – деді Президент.

О. Сансызбай
Logotype Massaget