2026 жылы елімізде Аймақтық климаттық саммит өтеді. Бұл туралы президент айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент:
«БҰҰ аясында 2026 жылы елімізде Аймақтық климаттық саммит өтеді. Саммит климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге елеулі үлес қосатынына сенімдімін.
Сонымен бірге қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау сияқты құндылықтарды насихаттау маңызды. Қазіргі жағдайда экологиялық ойлау қабілеті барлық білім беру және ғылыми бағдарламалардың негізі болуы керек деп санаймын. Табиғат ресурстарына жауапкершілікпен қарау және қоршаған ортаға қамқорлық таныту қоғамдық сананың құрамдас бөлігіне айналуы қажет.
Биыл елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – жай науқан емес, бұл –халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба. Ауқымды экологиялық бастамаға, әсіресе, жастар белсене атсалысты. Бұл да – жақсы үрдіс. Аз уақыт ішінде 2,5 миллионнан астам ағаш егілді, 200-ден астам өзен-көлдің жағасы тазартылды. Осы бастама тұрақты жалғасып, жақсы дәстүрге айналуы қажет. Бұл акция тал егіп, қоқыс жинаумен шектелмеуге тиіс. Атқарылатын басқа да шаруа көп. Ең бастысы, барлығы шын ниетпен жасалуы керек.
«Таза Қазақстан» акциясы аймақтарда қалай жүріп жатқанын мен мұқият қадағалап отырамын. Мұны, ең алдымен, әкімдерден талап етемін. Бәрін әкімге жүктеп, қарап отыруға да болмайды. Жаз маусымы басталды, енді ішкі туризм жандана түседі. Демалуға шыққан әр азамат табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Тазалықтың басты кепілі – айналаны ластамау. Бұл – баршаға ортақ міндет»
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!