2026 жылғы көлік салығы: не өзгерді?

2026 жылғы көлік салығы: не өзгерді?
Фото: depositphotos.com

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінде көлік салығына қатысты өзгерістер көзделген. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті еске салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап.

Негізгі өзгерістер

Жеңіл автокөлік салығын есептеу кезінде пайдаланылған мерзімі:

  • 10 жылдан 20 жылға дейін болса - 0,7 түзету коэффициенті қолданылады;
  • 20 жылдан асса - 0,5 коэффициенті қолданылады.

Ескерту: салық жыл қорытындысы бойынша төленетіндіктен, төмендетуші коэффициенттерді ескере отырып, 2026 жылға арналған салық сомасы 2027 жылы есептеледі.

Қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан Республикасында өндірілген (дайындалған немесе құрастырылған) немесе 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жеңіл автокөліктер үшін салық мөлшерлемелері алып тасталды.

Шаруа немесе фермер қожалықтары басқа да жеңілдіктерге қосымша ретінде бір шаруа немесе фермер қожалығына бір дана жүк платформасы және жүк бөлігінен қатты стационарлық қалқамен бөлінген жүргізуші кабинасы бар жеңіл моторлы көлік құралы (пикап автомобиль) бойынша көлік салығын төлеуден босатылады.

Енді көліктің санаты қатаң түрде тіркеу туралы куәліктегі деректер бойынша айқындалады, яғни құжатта көрсетілген басқару құқығы санатына сәйкес анықталады (A, B, C, D).

Салық есептілігі нысандарын қысқарту мақсатында көлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін (есеп-қисапты) тапсыру міндеті алып тасталды.

МКК мәліметінше, 2026 жылдан бастап салық төлеуші тек жылдық декларацияны тапсырады және соған сәйкес жыл қорытындысы бойынша бір рет төлем жасайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget