2025 жылы Ресейден Қазақстанға Тұран жолбарыстарын әкеледі

Үкімет отырысы барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Тұран жолбарысын қайта тірілту жобасының егжей-тегжейі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты (2018/415 мың га) құрылды. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдар аралығында резерваттың аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді. Биыл күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді. 2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарыс әкелінеді", - деді ол.

Қар барыстарының саны екі есеге көбейді

Министрдің сөзінше, Қазақстанда қар барыстарының саны 2 еседен астамға көбейіп, 180 басқа жеткізілген. Ол республикада қар барыстарының санын қалпына келтіру бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылданғанын, негізгі мекендеу орындарында 3,6 млн га алаңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанын (Іле Алатауы, Көлсай көлдері, Алтынемел, Сайрам-Өгем, Жоңғар Алатауы, Шарын, Тарбағатай, Қатонқарағай МҰТП, Қаратау және Батыс Алтай МТҚ және басқа қорықтар) атап өтті, қазір барыстар мекендейтін жерлердің шамамен 70%-ы ЕҚТА ретінде қорғалған.

Есепке алу және мониторинг жүргізудің заманауи әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия белсенді қолданылады. 11 барыс спутниктік арнайы мойын қарғысымен таңбаланды, алдағы уақытта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру жоспарланып отыр.

"Қар барыстарын қорғау және мониторинг жүргізу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден (80-100 бас) екі есеге артып, 180 басқа дейін жетті. Жануардың бұл түрін сақтап қалу жұмыстары жалғасуда, трансшекаралық және халықаралық ынтымақтастық белсенді даму үстінде", - деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Сонымен қатар 2024 жылы құлан популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында құландарды Іле-Балқаш (42 бас) және Алтын Дала (24 бас) резерваттарына көшіру жұмыстары аяқталды. Министр сондай-ақ Пржевальск-Керқұлан-Кертағы жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Бұрын бұл жылқының тарихи мекеніне Қазақстанның 9 облысы (Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, ішінара Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстары) кірген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!