2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында өңірлерді қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға 7,41 триллион теңге бөлінеді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 348 миллиард теңгеге көп. Мәжілісте алдағы бюджет жобасы таныстырылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржы жұмсалатын негізгі бағыттар:
Өңірлерге 5,77 триллион теңге көлемінде субвенциялар бөлінеді, бұл әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруды және өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуды қамтамасыз етуі тиіс.
2025 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 568 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және қайта құруға, сондай-ақ халықты таза ауыз су, газ және электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталады.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы. Бағдарлама аясында 91 әлеуметтік нысан және 18 көлік инфрақұрылым нысаны жаңғыртылмақ. Бұл ауылдық өңірлердегі өмір сүру жағдайын жақсартып, 600-ге жуық уақытша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп сендірді министрлер.
Газдандыру және сумен жабдықтау: Инфрақұрылымдық жобалар аясында шамамен 52 мың адам және үш ауылдық елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Үкімет республика бойынша газдандыру деңгейін 62 пайызға жеткізбек. Сондай-ақ ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін жақсарту үшін қаражат бөлініп, ауылдық елді мекендердің 98 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп отыр үкімет мүшелері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!