2025 жылы қандай түс трендте? Танымал дизайнердің келер жылғы сән әлеміне болжамы

Биыл сән әлемінде бірнеше түстер, киімдер трендте болады. Pantone институтының мәліметі бойынша 2024 жылдың басты түсі ретінде нәзік шабдалы реңкі таңдалған еді. Ал 2025 жылы қандай түс, қандай киімдер сәнге айналмақ? Massaget.kz тілшісі белгілі дизайнер Аида Кауменовамен сән әлеміндегі тың жаңалықтар жайлы тілдесті. 

Сән әлеміндегі биылғы трендтер

2024 жылы бірнеше түстер мен стильдер трендке айналды. Pantone институты 2024 жылдың басты түсі ретінде нәзік шабдалы (рeach fuzz) реңкін таңдады. Бұл түс нәзіктік пен жылулықты бейнеледі. Сондай-ақ күрең түс те трендке айналды. Шие, шарап, марсала сияқты күрең түстің әртүрлі реңктері киім мен аксессуарларда кеңінен қолданылды. Ал WeProject мәліметінше, ақ, қара және сұр түстер қыс мезгілінде сәнге ұласты. Бұл түстер классикалық стильді ұнататындар үшін таптырмас таңдау болды.

сурет: depositphotos.com

Ал киімдерден деним матасынан жасалған кеудешелер, костюмдер және джинсылар 2024 жылы сәнге қайта оралып, күнделікті киім үлгісінде кеңінен қолданылды. Минималистік ақ көйлектер де сән көрсетілімдерінде жиі кездесті. Сондай-ақ биыл жартылай сырмалы киімдер екінің бірінен үстінен байқалды. Әсіресе Қазақстанда бұл стиль унисекс трендке айналды. 

2025 жылы трендте қандай түс?

Pantone институтының мәліметінше, Жаңа жылдағы трендтегі түс - мокка-мусс

"Күнделікті ләззат алуға деген ұмтылысымыздың арқасында PANTONE 17-1230 Mocha Mousse түсін таңдады. Күрделі және сәнді, бірақ қарапайым классикалық, PANTONE 17-1230 Mocha Mousse біздің қоңыр реңктер туралы түсінігімізді кеңейтіп, олардың қарапайым кейпін амбициялық, түрлілік тұрғысынан байқап көруімізге мүмкіндік береді", - дейді Pantone Түс институтының атқарушы директоры Леатрис Исеман. 

сурет: pantone.ru

Қазақстандық дизайнердің келер жылға болжамы

Танымал дизайнер, кәсіпкер Аида Қауменова 2025 жылы қандай киімдер сәнге айналатынын болжады. Ұлттық стильді мемлекеттік деңгейде сұранысқа енгізген әрі халықаралық деңгейде отандық мәдениетті танытып жүрген беделді дизайнердің сөзінше, келер жылдың сәнді киімдері трендтегі түске тікелей байланысты болмақ. 

Келер жылдың сәнді киімдері трендтегі түспен тікелей байланысы бар. Бәріміз білетіндей, 2025 жылдың түсі мокко болып бекітілді. Бұл түс сондай әмбебап түс десек болады. Базалық түс болып саналады. Кез келген түстермен үйлесе береді. Сарғыш, қоңыр, көк, күрең барқыт сынды түстермен әдемі үйлеседі. Десе де, бұл түс өзінің белсенділігін бірнеше жыл бұрын қалыптастырып қойған", - деп жауап берді Аида Қауменова Massaget.kz тілшісіне. 

сурет: Massaget.kz

Сонымен қатар ол трендтегі түспен қандай киімдер кию сәнге айналатынын, биылғы жетістіктері жайлы айта кетті.

"Мен үшін биыл сәтті жылдардың бірі болды. Ұлттық стильді мемлекет басшысының өзі қолдады. Бұл менің және менің командамның істеп жатқан жұмысының нәтижесі деп білемін. Байқасаңыздар, биыл шапан, этно бұйымдар, ұлттық нақыштағы ою-өрнектері бар киімдер сәнге айналды. Нарықта этноөнімдер артты. Бұл біздің төл мәдениетіміздің сәнге айналып жатқанын, менің жеткізгім келген идеямның жүзеге асып жатқанын білдіреді. Бұл мені қатты қуантады. Сән саласында жүрген 20 жылдан астам уақыт, төккен тер мен еткен еңбектің осылай көзге көрініп, бағаланып жатқаны біз секілді шығармашылық жандар үшін шабыт сыйлайды", - деп қосты Қауменова. 

сурет: Massaget.kz

Қоса кетейік, Аида Қауменова - қазақстандықтар арасында ұлттық нақыштағы түрлі сәнді киімдер ұсынатын "Aida KaumeNOVA" брендімен танымал. Оның туындылары Қазақстаннан тыс жерлерде, атап айтқанда, Париж, Мәскеу және басқа да сән орталықтарында көрсетілген. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!