- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Еңбек демалысы
2025 жылы еңбек демалысын қай айда алған тиімдірек?
Жақында Қазақстанның жұмыс орындарындағы кадрлар бөлімі 2025 жылға арналған еңбек демалыс кестесін құра бастайды. Massaget.kz тілшісі осыған байланысты еңбек демалысын қай айда алған дұрыс екенін есептеп көрді.
Еңбек демалысы үшін төлем мөлшері әрқашан әртүрлі түсетінін байқаған боларсыз. Өйткені демалыс мөлшері айдағы жұмыс күндерінің санына байланысты: жұмыс күндері неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Сонымен:
2025 жылы еңбек демалысына шығу үшін ең тиімді айлар - сәуір, шілде, қазан және желтоқсан. Осы айларда 22 жұмыс күні бар, сондай-ақ тамыз және қыркүйекте 21 жұмыс күні бар.
Ал егер сіз ұзағырақ демалғыңыз келсе, онда еңбек демалысын қаңтар, наурыз немесе мамырда, демалыс мереке күндеріне түсетіндей етіп алу қажет. Сонда сіз көбірек демаласыз, бірақ әдеттегіден аз ақша аласыз. Тізімде жоқ қалған айларда ерекше айырмашылық жоқ.
Ескерту! Төлем мөлшеріне аурухана, демалыс және тағы басқа факторлар әсер етуі мүмкін.
Жұмысқа кіргеннен кейін алғашқы еңбек демалысын қашан ала аласыз?
Компанияда алты ай жұмыс істеген кез келген қызметкер демалысқа шығуына құқылы. Әр қызметкердің жарты жыл өткен соң басшылыққа екі апта бұрын ескертіп, кез келген уақытта еңбек демалысын пайдалану мүмкіндігі бар. Егер жұмыс беруші қарсы болмаса, еңбек демалысына дайындала берсеңіз болады.
Егер сіз жұмыс берушімен шарт жасаспай жұмыс істеп жатқан болсаңыз, яғни жалақыны конвертте алып жүрсеңіз, онда еңбек демалысына байланысты мәселе туындауы мүмкін. Өйткені құжат бойынша жұмыс берушімен сізді заңды тұрғыда ештеңе байланыстырмайды, сол себепті демалысыңызды талап ете алмайсыз.
Еңбек демалысына неше күн беріледі?
Жалпы жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы ҚР-ның Еңбек кодексіне сәйкес 24 күнтізбелік күнді құрайды. Еңбек демалысына берілетін 24 күнді бөліп алуға болады, алайда оның бір бөлігі 14 күнтізбелік күннен аз болмауы тиіс. Бірақ кей жұмыс орындарында еңбек шартында еңбек демалысының көп саны белгіленуі мүмкін.
Егер еңбек шарты тоқтаған болса, ал сіз еңбек демалысына берілетін күндерді пайдаланбаған болсаңыз, жұмыс беруші сізге өтемақы беруі тиіс.
Еңбек демалысына қай айда шыққан дұрыс?
Еңбек демалысына берілетін ақша бір айлық кірісіңізден көп немесе аз түсуі мүмкін. Еңбек демалысына тиімді шығу үшін нені білу керек?
Еңбек демалысы жұмыс күндерімен емес, күнтізбелік күндермен есептеледі: еңбек демалысындағы демалыс күндер соның ішіне кіріп кетеді, бірақ демалыс күндерге ақша төленбейді. Алайда ресми мереке күндер саналмайды да, еңбек демалысы созылады.
Еңбек демалысын аларда ұзағырақ демалғыңыз келе ме немесе көбірек ақша алғыңыз келе ме, шешіп алыңыз. Шешіміңізге қарай еңбек демалысына шығу керек айда өзгереді.
Еске салайық, бұған дейін еңбек демалысы жайлы білу керек негізгі нәрселер жарияланған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә