- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 2025 жылдан бастап...
2025 жылдан бастап рөлі оң жақтағы көліктер жолаушы тасымалдай алмайды
Көлік министрі Марат Қарабаев 2025 жылдан бастап елімізде рөлі оң жақтағы көліктерге такси қызметін атқаруға тыйым салынатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"InDriver-мен тиісті меморандумға қол қойдық. Құжатта оң рөлді көліктерді InDriver жүйесінде тіркеуден бас тарту қарастырылған. Яғни оң рөлді көліктерге такси қызметін атқаруға тыйым салынады. Осыған байланысты InDriver де, Яндекс компаниялары (осындай көліктерді) өз қосымшаларында тіркемейді", - деді Марат Қарабаев.
Оның сөзіне сенсек, келер жылдың 1 қаңтарына дейін Яндекс, InDriver компаниялары оң рөлді көліктердің иелерін анықтап, оларға такси қызметін атқаруға рұқсат бермейді.
"Шектеу бұған дейін рөлі оң жақта болған кейін оны сол жаққа ауыстырған көліктерге де қатысты болады. Мысалы, рөлі сол жаққа ауыстырылған оң рөлді көліктер бар. Олар қазақстандықтардың денсаулығына және көлік қозғалысына қауіп төндіреді. Сондықтан оң рөлді көліктерде 13 таңбалы VIN коды бар, ал сол рөлді көліктерде 17 таңбалы VIN коды таңбаланған. Бұл тұрғыда такси қызметтері осындай көліктерді анықтап, 1 қаңтардан бастап жұмысын тоқтатады", - деді министр.
Марат Қарабаев жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер де талап күшейетінін мәлімдеді.
"Ішкі істер министрлігі жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілердің тізімін ұсынады. Олар такси жүйесінен шығарылады", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Есен