2025 жылдан бастап Қазақстанда тұрғын үй сатып алудың жаңа ережелері енгізіледі

2025 жылдан бастап Қазақстанда тұрғын үй сатып алудың жаңа ережелері енгізіледі
Фото: depositphotos.com

Келесі жылдан бастап елдегі сұранысқа ие тұрғын үй бағдарламаларына жаңа ережелер енгізіледі. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Отбасы банк басқарма төрайымының айтуынша, көптеген сатып алушылар жаңа пәтердің жөндеу жұмысы шығындарының көп болуына байланысты дайын тұрғын үйді сатып алады. Осыған орай, банк құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірқатар кездесулер өткізген. Енді тұрғын үйлер порталда дайын күйінде ұсынылып, сатып алушылар бастапқы 10% жарна төлеп ала алады. Бұл жаңашылдық 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Сондай-ақ "Наурыз" бағдарламасына қатысу шарттары өзгерді. Енді бағдарламаға қатысу үшін депозитте ең кемі 2 миллион теңге болуы қажет.

"Қазіргі талап бойынша депозитте 1 миллион теңге болу жеткілікті. Алайда конкурс жеңімпазы қысқа мерзімде тұрғын үй құнының 20%-ын жинауы тиіс. Талдау көрсеткендей, 2,5 мың өтінімнің тек 39%-ы ғана осы талапқа сәйкес келеді. Сондықтан депозиттегі минималды соманы 2 миллион теңгеге дейін арттыру ұсынылып отыр. Бұл бағдарламаның орындалу қарқынын жеделдетеді", - деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.

Сонымен қатар "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында республика бойынша 3,5 мың қарыз беріліп, жалпы сомасы 42,5 миллиард теңгені құрады. Ал "Шаңырақ" бағдарламасы арқылы кезекте тұрған басқа санаттағы азаматтарға қосымша 4,5 мың қарыз беру жоспарланған.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап қазақстандықтар жалға алынған пәтерлерін жекешелендіре алады.  Сондай-ақ Қазақстанда 2024 жылдың соңына дейін рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет