- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 2025 жыл -...
2025 жыл - Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз", - деді мемлекет басшысы Жолдауда.
Қасым-Жомарт Тоқаев адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керегін атап өтті.
"Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі", - деді президент.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс Төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған еді.
Отырыс Астанада өтіп жатыр.
Қыркүйек айында Қазақстанда жаңа саяси маусым басталады. Қалыптасқан дәстүр бойынша, ол Президенттің Жолдауынан басталады. Кейінгі екі жылда Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа 1 қыркүйекте үндеу жасаған болатын.
Жаңа саяси маусым: Президент Жолдауы несімен маңызды?
Сарапшылардан Президенттің Жолдаудағы тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын және бұл құжаттың мемлекеттік аппарат үшін неге аса маңызды екенін сұраған едік.
Еске салайық, Президент 2023 жылы 1 қыркүйекте Жолдау жасаған болатын. Жолдауда маңызды мәселелер көтеріліп, бірнеше тапсырма берілді. Оның ішінде:
- Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды
- Көлік министрлігі қайта құрылды
- Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілді
- Ірі кәсіпорындарға 5 жыл сайын аудит жасалатыны айтылды
- "Келешек" ерікті жинақтау жүйесі пайда болатыны айтылды
- Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдады
- Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілетіні айтылды
- Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылатыны айтылды
- АЭС салу референдум арқылы шешілетіні айтылды
- 2024 жылы ұлттық төлем жүйесін толық енгізу тапсырылды
- "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау тапсырылды
- Қазақстанға шетелдік үш банк келетіні айтылды
- Су тапшылығы қашан сезілетіні айтылды
- Инвесторлар салықтан босатылатыны айтылды
- Туризм саласында нақты тапсырмалар берілді
- "Ұлттық қор - балаларға" жобасы қолға алынды
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә