2024 жыл біраз оқиғамен қазақстандықтардың есінде қалды. Massaget.kz тілшісі кейбір оқиғаларға шолу жасап шықты.
Салтанат Нүкенованың өлімі кейінгі жылдардағы Қазақстандағы ең атышулы істердің бірі болды. Бұл трагедия елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін ашық көрсетті.
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі 2024 жылы наурызда басталды. Бұл оқиға көпшіліктің назарын аударды. Сот отырыстары тікелей эфирде көрсетілді, бұл - Қазақстан үшін бұрын-сонды болмаған жағдай. Сот барысында Салтанат Нүкенова соққыға жығылған сәттер бейнеленген бейнежазбалар ұсынылды.
Медициналық сараптамада өлім ми жарақатының салдарынан болғаны анықталды. Қуандық Бишімбаев жұбайын күшті дәрі-дәрмектер мен ішімдік ішіп, өзі құлап, жарақат алды деп, өз кінәсін мойындамады.
Алайда ұсынылған дәлелдер мен айғақтар нәтижесінде сот пен алқабилер Бишімбаевты кінәлі деп тапты.
2024 жылы 13 мамырда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев асқан қатыгездікпен кісі өлтіргені және азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Талғарда 4 қазанға қараған түні Шерзат Болат көз жұмды. Марқұмның отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Кейін қалаға Ішкі істер министрлігі тобы жіберілді.
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты. Осы іске қатысы бар 11 адам ұсталды.
Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды. ІІМ бұл істі тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.
9 желтоқсанда таңертең Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды. Полиция мәліметінше, марқұм өзіне-өзі қол жұмсаған, сондай-ақ ол Шерзаттың ағасы Нұрқанат екені расталған.
Нұрқанаттың жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұсталды. Кейін ол 15 тәулікке қамалды. Содан соң Шерзаттың әкесіне қарсы қылмыстық іс қозғалды.
Оған қоса Шерзаттың туыстары - С.Нұрымоваға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды; азаматтығы жоқ адам ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) Б.Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейін Қазақстан шекарасынан шығарылатыны айтылды.
2024 жылғы 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бірақ тұрғындардың басым көпшілігі бірыңғай уақыт белдеуі кері әсер етіп жатқанын айтып, петиция жинады.
Халық тарапынан түрлі пікір айтылған соң Үкімет бұл мәселенің нүктесін қойды. Ресми мәліметке сүйенсек, UTC+5 уақыт белдеуі ел халқының 76 пайыздан астамы (15 миллион 240 мың адам) тұратын Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қосқанда, 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықты қамтиды.
Премьер-министр Олжас Бектенов те бұл ғылыми тұрғыда зерттелген мәселе екенін айтып, шенеуніктерге ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырды.
Биыл көктемде Қазақстанда су тасқыны болды. Өңірлерде төтенше жағдай жарияланып, бұл кейінгі жылдардағы ең ірі табиғи апат екені айтылды. Су тасқыны кезінде су қоймаларында 12 миллиард текше метрден аса су жиналды.
Ал премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстанда су тасқынынан бүлінген үйлерді қалпына келтіру үшін шамамен 260 миллиард теңге керек екенін айтты.
Су тасқыны республикалық маңызы бар тасжолдарды да шайып кетті. Келген шығын - 8,5 миллиард теңге. Сондай-ақ қыркүйектегі дерек бойынша зардап шеккендерге арналып, 2600 нысан салынды.
2024 жылы 30 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.
Қазақстан 2024 жылғы Олимпиада ойындарын жеті медальмен аяқтады.
Қазақстан ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола еншілеп, 206 мемлекет ішінен 41-орынмен аяқтады.
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic көлігін сатып алған.
16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Cонымен қатар Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!