2024 жылы елімізде үй бағалары арзандауы мүмкін бе? Сарапшылар үй нарығына қатысты бірнеше болжамын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл қалай болды?
Қазақстанда жаңа тұрғын үйлерді сатып алатындар саны артқан. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 4,4 пайызға өскен.
Бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 3,2 пайызға өскен, ал қолданыстағы пәтерлердің бағасы керісінше 5,4 пайызға төмендеді. Жалға алынатын үйлер былтырғымен салыстырғанда 0,9 пайызға төмендеді.
Өңірлер арасында жаңа тұрғын үй нарығында баға жылдық мәнде Павлодарда 14,8 пайызға, Петропавлда 10,6 пайызға өсті. Қолданыстағы пәтер нарығындағы баға өсімінің лидері - Атырау (11,8 пайыз) мен Семей қалалары (8,3 пайыз), тұрғын үйді жалға алу нарығында Жезқазған (30 пайыз), Қарағанды (23 пайыз) және Көкшетау қалалары (22,3 пайыз).
Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтің айтуынша, үй бағасы алдыңғы жылдардағыдай ай сайын 0,1-0,5 пайызға өсіп отыр. Қазіргі таңда өңірлерде де осындай өсу байқалады.
"Былтыр бір құлдырау болды, бірақ оған қарамастан елімізде тұрғын үй құрылысының қарқыны қайтадан өсе бастады. Биыл 8 айда жаңа ғимараттардың ауданы 13 пайызға артты. Бірақ сұраныс пен ұсыныстың артуына байланысты шаршы метрдің бағасы төмендемейтін сияқты...Керісінше, артып отыр", - деді ол.
Микрюковтың пайымдауынша, 2023 жылдың басынан бері Астана мен Алматыда үй көптеп салына бастаған. Алайда, елімізде баспанаға мұқтаж азаматтар көп болған соң, бұл да бағаға әсер ете алмады.
"Кішігім компаниялар дефолтқа ұшырайды. Оларға келесі жылы ипотекалық бағдарламалар жалғаса беретін болса, ауыр болайын деп тұр. Құрылыс компанияларының банкротқа ұшырау қаупі де жоғары. Жалпы, қарашадағы мәлімет бойынша елімізде 500-ден астам көпқабатты тұрғын үй кешені салынып жатыр. Пайдалануға беру қарқыны 13,3 миллион шаршы метрге дейін өсті, сондықтан бұл жоспарға қол жеткізуіміз әбден мүмкін. Дегенмен, қазір 2,5 миллион адам баспанаға мұқтаж екенін ескерсек, қазір салынып жатқаны өте аз", – деді Виктор Микрюков.
Үкімет қалай шешпек?
Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте баяндаған еді.
"Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Оның ішінде 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынады", – деді премьер-министр.
Сондай-ақ сарапшы Дәурен Айткеновтың сөзінше, 2024 жылы жаңа тұрғын үйлердің бағалары қымбаттайды.
"Менің ойымша, үйлердің екінші нарықтағы бағаларына сұраныс болады. Бірақ бірінші нарықтың артықшылықтары бар. Мәселен, жаңа үй, жаңа жер және компанияларлан ұсынылатын жеңілдіктер мен бөліп төлеу жоспарлары бар дегендей. Қазақстанда көп үйлер ескілеу, сондықтан бастапқы нарықтағы үйлер ұзақ жылдар бойы тартымды болады. Сұранысқа байлаынсты бағада өседі. Меніңше, екінші нарықтағы үйлердің бағалары аз өседі", - дейді Айткенов.
Krisha.kz-тің зерттеуінше 2024 жылы үй нарығының жайы осындай болады:
1.Тұрғын үйлер азаяды. Оған бірнеше себеп бар: инженерлік желілердің тапшылығы мен тозуы, жаңа жобаларға ақшаның жоқтығы.
2.Сұраныс төмендесе құрылыс компаниялары банкротқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан сатып алушылар пәтер алғанда сақ болуы керек. Келісімшарттарға жіті қарауыңыз керек және төмен бағаға қызықпаған жөн.
3. Бастапқы нарықтағы пәтерлердің бағасы қалыпты өседі: айына 0,1-0,5 пайызға. Екінші нарықта арзандамайды.
4. Жаңа "9-20-25" ипотекасы іске қосылса тұрғын үй бағасын бірден 10 пайызға дейін көтеріп жіберуі мүмкін.
5. Егер инфляция мен базалық мөлшерлеменің төмендеуі тенденциялары сақталатын болса, онда 2024 жылдың соңы – 2025 жылдың басында ипотека құны жылына 12 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.
6.Жалпы, 2024 жыл қиын болады. Мұнайға деген сұраныс әлсірейді. Егер баға барреліне 80 доллардан жоғары тұрмаса, қиын болады – бұл біздің бюджет үшін ауыртпалық.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз