2024 жылы мәңгілік сапарға аттанған танымал тұлғалар

Биыл қазақ елі қайталанбас бірқатар тұлғадан айырылды. Оның бірі - халқының аяулы ақыны, бірі - академик, енді бірі - қазақтың қалыптасуына оразан зор үлес қосқан қайраткерлердің ұрпағы. Massaget.kz тілшісі жыл аяғында биыл өмірден өткен жандарды еске алды.

Қаңтар 

  • Полковник Мэлс Шампиев 

11 қаңтарда Қарулы Күштер ардагерлері одағының төрағасы Мэлс Шампиев қайтыс болды. Ол 77 жаста еді. Полковник Мэлс Жұманұлы Тәуелсіз Қазақстан армиясын құрудың бастауында тұрғандардың бірі болды. Атап айтқанда, ол Қарулы Күштерде әлеуметтік-құқықтық жұмыс институтын құруға үлес қосты.

  • Журналист Жылқыбай Жағыпарұлы 

27 қаңтарда Жылқыбай Жағыпарұлының дүниеден өткені туралы Ғалым Қожабеков жазған еді.

Журналист Ақмола облыстық "Арқа ажары" газетінде 30 жылға жуық жемісті еңбек етті. Қазақстан Жазушылар және Қазақстан журналистер одағының мүшесі Жылқыбай Жағыпарұлы "Құрмет" орденімен марапатталған. Республикалық "Тіл және мәдениет" қоғамының құрылуына мұрындық болып, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. 2005-2007 жылдары республикалық "Ел" газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарды. 2007 жылдан бастап зейнет жасына жеткенге дейін республикалық Egemen Qazaqstan газетінде қызмет атқарды.

  • Танымал атлет Вячеслав Ершов

29 қаңтарда ауыр атлет Вячеслав Ершов өмірден өтті. Ол - 2006 жылы Дохада Азия ойындарының чемпионы болған, әлем чемпионатына қатысушы. Ел біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Вячеслав Ершов 2013 жылы Мая Манезамен отау құрған. Екі баласы бар. Өмірден қалай өткені туралы ақпарат жоқ.  

Ақпан

  • Кәсіпкер Игорь Мажинов

9 ақпанда "Қайрат" АФК қамқоршылық кеңесінің төрағасы Игорь Мажинов 52 жасына қараған шағында көз жұмды. Ол әр жылдары Vertex ААҚ, "Альянс банк" АҚ, "Достық қонақүйі" АҚ, "ХОЗУ корпорациясы" ЖШС-ында басшылық қызметтерді атқарған. Bank RBK АҚ Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болды. БАҚ мәліметінше, ол "Казақмыс Холдинг" президенті Владимир Кимнің күйеу баласы. Марқұм Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінген еді.    

  • Экс-шенеунік Анар Жайылғанова 

12 ақпанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Жайылғанова 55 жасында қайтыс болды. Ол бұл қызметіне дейін Мәжіліс депутаты - Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды.

Наурыз

  • Жазушы Жұмабай Шаштайұлы

12 наурызда 74 жастағы жазушы Жұмабай Шаштайұлының қайтыс болғаны айтылды. Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты, Жамбыл және "Алаш" атындағы Халықаралық сыйлықтардың иегері. "Коммунизм жолы", "Лениншіл жас", "Социалистік Қазақстан", "Жас Алаш" газеттерінде, "Жалын" журналында еңбек етті. Халықаралық "Заман-Қазақстан" газетінің және "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, сондай-ақ Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. Жазушының "Қызыл қар", "Жала мен нала", "Жыр жолбарыс", "Біздің заманның Аяз биі", "Жаңғырық" атты жинақтары мен романдары оқырманның жүрегінен орын тапты.

qalamger.kz 

  • Саясаткер Ғани Қалиев

Сол күні саясаткер, Жоғарғы кеңес пен Мәжілістің экс-депутаты, "Ауыл" саяси партиясының бұрынғы төрағасы Ғани Қалиев 87 жасында қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Ол - экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Сәуір 

  • Журналист Ғаділбек Шалахметов

4 сәуірде журналист Ғаділбек Шалахметов 81 жасында қайтыс болды. Ол 1960-1961 жылдары Қазақ КСР ҒА металлургия және байыту институтында жұмысшы, 1961-1962 жылдары Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында балқытушы болып бастаған. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің басшысы, 1992-2002 жылдары "Мир" мемлекетаралық телерадиокомпаниясының төрағасы, 2000 жылдан бастап премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі, т.б. лауазымды қызметтер атқарған. Парламент Мәжілісінің депутаты, "Самұрық" АҚ президентінің кеңесшісі болған. 2009 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің теледидар, радио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі болды.

Мамыр 

  • Академик Төрегелді Шарманов 

25 мамырда Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі Еңбек ер атағының иегері, академик Төрегелді Шарманов қайтыс болды. Ол Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері, Ақтөбе медицина институтының ректоры, денсаулық сақтау министрі, КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры, "Здоровье и болезнь" журналының бас редакторы болды. 2005 жылы ол Леон Бернард сыйлығының ең жоғары құрметіне ие болды, ол сыйлыққа  әлем тарихында тек 29 адам ие.

Маусым 

  • Мұхтар Әуезовтің ұлы

15 маусымда мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов өмірден озды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мұрат Әуезов - мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, шығыстанушы ғалым, I дәрежелі "Барыс" орденінің иегері, дипломат. 

time.kz

  • Әнші Баян Сағымбаева

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Баян Сағымбаева өмірден өтті. Ол 16 жасында Мұхтар Әуезовтің "Қаракөзінде" Қаракөз рөлін ойнап, танымал болды. Бүкілодақтық байқауға қатысып, Бейімбет Майлиннің "Жалбыр" пьесасында Қадишаның рөлін сомдады. "Қазақконцертте", Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда қызмет етті.

 Шілде 

  • Журналист Айдос Садықов

2 шілдеде журналист Айдос Садықов Киевтегі шабуылдан кейін көз жұмды. 18 маусымда Киевте жасалған шабуылдан кейін Садықов 13 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты.

  • Жәнібек Жұмағұловтың анасы

Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібек Жұмағұловтың өміріне қатысты жаңа ақпарат айтылды. Қымбат Досжанның сөзінше, Жәнібекті асырап алған әйел эвтаназия тәсілімен көз жұмған. Әйел небәрі 54 жаста болған.

  • Дәулет Мұқаевтың анасы

Депутат, танымал блогер Дәулет Мұқаевтың анасы да қайтыс болды. Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде қаралы хабарды жеткізді.

Тамыз 

  • Суретші Нұрбұлан Өтепбаев

9 тамызда қазақ сурет өнерінің көрнекті тұлғасы, суретші, кескіндемеші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Нұрбұлан Өтепбаев 73 жасында қайтыс болды. 

Қыркүйек 

  • Актриса Күләш Қажығалиева 

13 қыркүйекте еңбек сіңірген артисі, Ерен еңбегі үшін және Еңбек ардагері медальдерінің иегері Күләш Қажығалиева өмірден өтті. Артист Ғабит Мүсірепов театрында Б.Соқпақбаев "Менің атым Қожа" - Жанар,  "Қызыл сұңқарлар" - Маруар, Иран-Ғайып "Қорқыттың көрі" - Қамқа шеше, Ш.Айтматов "Ыстықкөл трагедиясы" - Кемпір, "Ақ кеме" - Кемпір, С.Балғабаев "Қыз жиырмаға толғанда" - Ғани, Ә.Тарази "Жақсы кісі" - Балзия, О.Бөкей "Атау-Кере" - Марфа, "Ауылдан келген ару" - Сәндігүл, С.Балғабаев "Ең алғашқы Жаңа жыл" - әже, А.П.Чехов "Шағала" - Полина Андреевна сынды рөлдерін сәтті сомдаған.

  • Өлкетанушы Өтепберген Әлімгерейұлы

Қазақстанға танымал өлкетанушы, жазушы, журналист Өтепберген Әлімгерейұлы 75 жасында көз жұмды. Ол еңбек жолын Маңғыстау облысында Бейнеу ауданында мектеп мұғалімі боп бастаған, кейін "Атырау" газетінде жұмыс істеген. 1990 жылы Атырау облысы телерадиокомпаниясының бас редакторы болған. Әдеби туындылары 1966 жылдан бері түрлі газет-журналдарда жарияланған. Алты әдеби-публицистикалық кітаптардың авторы.  

  • Алаштанушы Ғарифолла Әнес

23 қыркүйекте алаштанушы ғалым, публицист Ғарифолла Әнес өмірден өтті. Алаш арыстарының мұрасын табу, зерттеу және жариялау ісіне өз үлесін тұрақты қосқан ғалым. "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері. Бірнеше мерекелік медальмен де ма­ра­патталған тұлға. 

  • Композитор Әділ Бестібаев

29 қыркүйекте композитор Әділ Бестібаев Канадада қайтыс болды. Оның шығармалары - АҚШ, Швейцария, Испания, Франция, Аустрия, Италия, Голландия, Швеция, Ресей, Таиландта орындалады.

Оның ерекше танымал шығармаларына "Азия дауысы" (Азия дауысы), Сoncert on the monogramm B. Es. T, Great Moghul, Idee Fixe симфониясы, "Ниагара" ішекті оркестріне арналған флейта, барабан жиынтығы және музыка, Жаяу Мұсаның "Ақ сиса" тақырыбындағы Фантазия, "Қамажай" әні тақырыбындағы фортепиано үшін вариациялар жатады.  

Қазан

  • Спортшы Өмірәлі Нышан 

2 қазанда паратаеквондодан ұлттық құрама мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Өмірәлі Нышан Елубайұлы 31 жасында өмірден озды. Ол бүгінге дейін екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы атанды.

  • Әртіс Гүлнар Сиқымбаева

5 қазанда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаева қайтыс болды. Ол ұйқысынан оянбай қалған. Бұл туралы журналист Қымбат Досжан жазды. 1985 жылы ол "Гүлдерге" қабылданып, танымал ансамбльде өнер көрсеткен. Қазақ, орыс, түрік, тәжік тілдерінде әндері бар. Қырғызстан және Қазақ­стан Рес­публикасының еңбек сі­ңір­ген әртісі.

facebook.com/oralkhan.dautov

  • Арман Дүйсеновтің ұлы 

Былтыр композитор Арман Дүйсенов қайтыс болған еді. Биыл оның ұлы Абылай Арманұлы да о дүниеге аттанды. Бұл қайғылы жағдай тек шоу бизнес өкілдерін емес, сондай-ақ бүкіл қазақстандықты да дүр сілкіндірді. БАҚ беттерінде оған қастандық жасалды деген ақпарат тарады. Кейін оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

instagram.com/zhunusova.makpal

  • Мемлекет қайраткері Кенжебек Укин

13 қазанда белгілі мемлекет қайраткері Кенжебек Укин 85 жасында қайтыс болды. 90-жылдардың басында Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің бірінші хатшысы және халық депутаттары Торғай облыстық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1992-1993 жылдары Қостанай облыстық әкімшілігінің басшысы болды. 

  • Актриса Баян Имашева

Кеңес одағы, қазақ кино және театр актрисасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Баян Имашева өмірден озды. Театр сахнасындағы Валя Панфилова (М.Әуезов пен Ә.Әбішев, "Намыс гвардиясы"), Бибіш (М.Мұқашев, "Дала дастаны"), Алма (Е.Домбаев, "Желіккен жеңгейлер"), Бөрте, Нұрғаным (И.Ғайып, "Шыңғыс хан" мен "Мен ішпеген у бар ма?"), Полина Андреевна (А.П.Чехов, "Шағала"), Рахия (Р.Мұқанова, "Мәңгілік бала бейнесі"), Қара кемпір (М.Жұмабаев, "Ғашықтық дерт"), т.б. сынды рөлдерімен жұрт жадында қалды. 

Сондай-ақ ол "Өмір жолы", "Көшпенділер", "Үзілмеген үміт" және т.б. кинотуындыларда басты рөлді сомдаған. 

М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры

  • Ақын әрі журналист Серік Боқан

18 қазанда ақын әрі журналист Серік Боқан өмірден өтті. Қайғылы хабарды ақын Тоқтарәлі Таңжарық әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Серік Боқан әдебиет әлеміне 2000-жылдары аяқ басты. "Жас қазақ үні" газетінде, "Үн" журналында жұмыс істеді. Кейін "Асыл арна" телеарнасында журналист болып қызмет етті.  

  • Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні

22 қазанда 76 жасқа келген Светлана Назарбаева көз жұмды. Ол - Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіштің анасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні. Әр жылдары мектеп директоры, ал 2003 жылғы қарашадан бастап "Дәуір" республикалық полиграфиялық баспа кешенінің бас директоры болған еді. 

  • Ақын Құрманай Бақтиярқызы

Мәдениет саласының үздігі, ақын, асаба Құрманай Бақтиярқызы өмірден өтті. Бұл туралы продюсер Гүлзира Айдарбекова хабарлады. Ақын ұзақ уақыт бойы жаман аурумен күрескен еді. Оған тіпті бірнеше рет ота жасалды. 

"Алланың құдіретінің шексіздігіне айқын көз жеткізген сынақ болды. 99/1 пайыз соңғы үмітпен жетінші рет ота жасалды, төрт күн өту керек, сол уақыттан өтсек, бәрі артта қалады деген дәрігердің сөзін естіген достар барлығына дайын тұрған. Мынау жарық дүниені менсіз елестете алмайтын жан досымның сағынып көріскен қуанышы", - деп жазған еді ақын.  

Құрманай Бақтиярқызы - "Алматының түндері-ай", "Толғанай", "Вокзалда қауышқан қыз", "Гүл әпше" сияқты 200-ден астам хит әндердің авторы.

Әлеуметтік желіден алынған сурет 

Қараша 

  • Кәсіпкер Дана Қанапина

1 қарашада кәсіпкер Дана Қанапина өмірден озды. Ол Астанада танымал кондитерлік дүкендер желісін құрды. Дана Қанапина сырқаттан қайтыс болғаны белгілі болды. Бұған дейін ол әлеуметтік желідегі жазбаларының бірінде онкологиялық ауру туралы ойын жазған еді.  

  • Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі

22 қарашада Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова қайтыс болды. Қаралы хабар туралы қызы Құралай Нұрқаділова жазды.

"Уақыт көрсетеді" кадры

Желтоқсан 

  • Сәбит Мұқановтың қызы

Желтоқсан алғашқы күндерінен-ақ суық басталды. 1 желтоқсанда қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың қызы Баян Мұқанова қайтыс болғаны айтылды. Ол отбасының ғылыми дәстүрін жалғастырып, саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнады. Баян Мұқанова химия ғылымдарының кандидаты, ауыл шаруашылығы институтында сабақ берді. 

  • Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы

 АҚШ-та белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Тынышбаев қайтыс болды. Геолог-математик Дәулет Тынышбаев магматикалық құрамдардың жерасты қасиеттерін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу бөлімін құрып, оны 2001 жылға дейін басқарды.

  • Берік Уәлидің әкесі 

Президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәлидің әкесі Уәли Құрманғалиев 74 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды белгілі журналист Төлен Төлеубай естіртті.

Massaget.kz редакциясы биыл қайтыс болған жандардың туысқандарына қайғырып көңіл айтады. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз