2024 жылы кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдар бірнеше есе азаяды - Қуантыров

2024 жылы кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдар бірнеше есе азаяды - Қуантыров
Фото: elements.envato.com

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2024 жылы елімізде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе, айыппұлдар саны бірнеше есе азаятынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол Қазақстанда кәсіпкерлердің қолайлы жұмыс істеуі үшін тиісті жағдай жасалғанын еске салды.

"Елімізде 3 жыл бойы шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге мораторий қолданылды. "Таза парақтан реттеу" қағидаты сәтті енгізіліп жатыр. 10 мыңнан астам өзекті емес талаптар анықталды, оның 9 мыңы заңға тәуелді деңгейде алып тасталды, ал қалғандары Парламенттегi заң жобасы шеңберінде жыл соңына дейін алып тастауға жатады", - деді министр Сенаттағы Үкімет сағатында.

Сондай-ақ Әлібек Қуантыров келесі жылы кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдар азаяды деп сендірді.

"Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) автоматтандырылады, ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап адамның қатысуынсыз тексерулерді тағайындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Заитов елімізде кәсіпкерлер мораторий бітеді деп қорқып отырғанын айтқан еді. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Заитов Ұлттық экономика министі Әлібек Қуантыровқа сұрақ қойды.

"Бізге көп өтініш түседі. Қателеспесем, 2019 жылы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Шағын және орта бизнестің осы мүмкіндікті пайдаланып, дамуына біресе пандемия, біресе инфляция кедергі болды. 2024 жылы кәсіпкерлер мораторий бітеді деп отыр. Қазір олар екі көзі бақырайып, "Бізді қайта тексере бастайды" деп қорқып отыр. Сіз тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп бір пара сұрайды, мынау келіп бір пара сұрайды.

Бірінші сұрағым. Осы жағынан шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты қандай іс-әрекеттер жасалады? Екінші сұрағым. Ауылдағы халық мал бағады. Олар малдың етін сатайын десе, дұрыс бағамен сата алмайды. Не тері, не жүн өңдей алмайды. Не ет өнімдерін өңдеп сата алмайды. Осы бағытта қандай бағдарлама бар?", - деді депутат.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz