- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 2024 жылы қандай...
2024 жылы қандай ипотекалық бағдарламамен үйлі бола аласыз?
Елімізде жаңа ипотекалық бағдарламалардың саны артып келеді. 2024 жылы кейбір бағдарламалардың талаптары мен мемлекет пен банктен бөлінетін қаражат мөлшері өзгерді. Жалпы, 2024 жылды ел тұрғындары қалай жаңа үйде қарсы ала алады? Massaget.kz тілшісі ипотекалық бағдарламаларға шолу жасады.
Жастарға арналған бағдарламалардың жалпы талаптары қандай?
Еліміздегі жастарға баспаналы болуға мүмкіндік беретін үш тәсіл бар. Олар:
- Сатып алу құқығынсыз пәтер жалға алу.
- Отбасы банк пен қала/облыс әкімдігі беретін жеңілдікті ипотека.
- Отбасы банктің өз бағдарламасы бойынша жас отбасыларға берілетін жеңілдікті ипотека.
Жұмыс істейтін жастарға жалға беріледі
Бұл тек Астана (Елорда жастары), Алматы (Алматы жастары) және Шымкент (Шымкент жастары) тұрғындарын қамтитын бағдарлама. Жыл сайын 1000-1100 жаңа пәтерге жастар қоныстанады.
Қатысатындар - 35 жасқа толмаған жұмыс істейтін азаматтар.
Талаптар:
Өзінің және отбасы мүшелерінің атында баспана болмау керек.
Астана, Алматы не Шымкентте кемі үш жыл тұрақты тіркелу қажет. Ал отбасы мүшелері тіркелсе болды, мерзімі маңызды емес.
Отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс көлемі 40 АЕК, яғни 138 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасының жалпы кірісі 552 мың теңге болады.
Одан бөлек билік балл жүйесін қолданады.
Ол мыналар үшін беріледі:
нарықта сұраныс әлдеқайда жоғары мамандыққа – 10 балл.
отбасына – 5 балл;
бір балаға – 1 балл, одан кейінгі әр балаға – 2 балл;
1 жылдан кем емес уақыт кәсіпкерлікпен айналысса – 5 балл, кейінгі әр жылға – 1 балл;
еңбектегі жетістіктері үшін – 2 балл;
бюджеттік ұйымдағы еңбек өтілі үшін – 5 балл, онда қызмет еткен әр жыл үшін – 1 балл;
банктердің жинақ шотына/депозитке ақша салып, 40 АЕК-тен кем емес ақша жиналса – 2 балл.
Үміткерлердің балы тең болса, бірінші өтінім берген және жасы үлкендеу адамға басымдық береді.
"Пәтерақы сомасы 5-15 мың теңге шамасында болады. Мерзімі – 3 жыл. Содан соң жалға алушы пәтерді босатады. Демек ол үш жыл ішінде өз пәтерін алуға жететін бастапқы жарна жинап үлгеруі керек", - дейді krisha.kz сайты зерттеуінде.
Бағдарлама 2025 жылға дейін жұмыс істейді.
Өңірлік ипотекалардың талабы қандай?
Биыл бағдарлама Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Абай, Ұлытау облыстарын, БҚО-дағы Бөрлі ауданын қамтиды. Жуырда Атырауда іске қосылады.
Қаражатты Отбасы банк пен жергілікті әкімдік бөледі.
Оған мұғалім, дәрігер, журналистер, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала мамандары, коммуналдық мекеме, полиция, ТЖД қызметкерлері және т.б. қатыса алады.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Атында үй болмау және мемлекеттік қызмет атқару не бюджеттік ұйымда жұмыс істеу.
- Жасы 35-тен аспау керек.
Ипотека шарттарында өңірге байланысты аздаған айырмашылық болуы мүмкін, бірақ негізгілері мынадай:
- Мөлшерлемесі - 5 пайыз.
- Бастапқы жарна - 10 пайыз.
- Мерзімі - 25 жылға дейін.
- Ең көп қарыз сомасы - 18 млн теңге.
Өтінім әр аймақта әртүрлі уақытта қабылданады, қалыс қалмау үшін БАҚ-ты оқып, талдаған жөн.
Кезекте тұрғандарға қандай ипотекалар бар?
"2-10-20" (бұрынғы "Бақытты отбасы") және "5-10-20" (бұрынғы "Шаңырақ") ипотекаларының шарттары:
Мөлшерлемесі - жылына 2 және 5 пайыз.
Бастапқы жарна - 10 пайыз.
Мерзімі - 20 жылға дейін.
Екі пайыздық ипотеканы мына санаттағы азаматтар рәсімдей алады:
- Мүгедектігі бар кісілер.
- Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар.
- Жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" немесе "Батыр ана" атағын алған, сонымен қатар І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденін таққан көп балалы аналар, көп балалы отбасылар.
5 пайыздық ипотекаға кезекте тұрған басқа санат өкілдері қатысады.
"Жас Отбасы" бағдарламасы
Отбасы банк "Жас Отбасы" бағдарламасын ұсынады. Оны шаңырақ көтергеніне көп болмаған отбасы жас шамасына қарамай рәсімдей алады.
Шарттары:
Отбасы банктен депозит ашып, бір жыл бойы ақша жинау керек.
Депозит ашқан уақытта неке қиғанына бес жылдан аспау қажет (неке туралы куәліктегі мәлімет бойынша).
Несиеге өтінім беретін кезде үй құнының 50 пайызы депозитте тұруы тиіс.
Банктің пайызы жылына 6 пайыз (ЖТСМ 6.3 пайыз-дан басталады), екі жылдан кейін 5 пайыз-ға дейін түседі (ЖТСМ 5.2 пайыз-дан басталады).
Несие мерзімі 6 жылдан 9 жылға дейін. 100 млн теңгеге дейін береді.
Пәтер не жер үй таңдауға болады. Бірінші нарықтан алуға (үлестік қатысуды қоса алғанда), қолдан алуға, баспанасына жөндеу жүргізуге, сонымен қатар жер телімін сатып алып, үй салуға мүмкіндік бар.
Тағы екі бағыт бар - сатып алу құқығынсыз жалға алу және мемлекет көмегімен несие рәсімдеу.
Ол үшін кезекке тұрып, баспанаға мұқтаж тұрғындар тізіміне ену керек.
"7-20-25" бағдарламасына не болды?
"7-20-25" бағдарламасы бойынша тағы бес жыл бойы ипотека беріліп тұрады.
"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ сыртқы коммуникациялар менеджері Айбар Олжаевтың сөзінше, "7-20-25" бағдарламасы келесі жылы да, тіпті, 2029 жылға дейін жалғасын табады.
Ал жыл сайынғы лимиті 100 млрд теңге. Содан өзгермейді.
"2024 жылы өтінімді қабылдау тәртібі де өзгермейді. Оны банктердің өздері реттеп отырады. Ал бағдарламаның операторы - "Қазақстанның орнықтылық қоры" компаниясы бұл жұмысқа араласа алмайды", - дейді ол.
Алайда Ұлттық банк бағдарламаның бұрынғыдай болмайтынына айтады.
Ұлттық банк ипотека бағдарламасы бойынша әлі қанша қарыз берілуі мүмкін екенін болжады. Мысалы, 2022 жылы берілген несиенің орташа мөлшері мен "7-20-25" бағдарламасына бөлінген қалған қаржыны есептегенде шамамен тағы 16,7 мың қарыз берілуі мүмкін.
"Несие беру қарқыны мен несие саны төлем жасауға қабілетті азаматтар тарапынан тұрғын үйге деген сұраныс және бағдарлама бойынша берілетін жаңа тұрғын үйлердің санына байланысты болады. Қазіргі қарқынды ескерсек, осы мақсатқа бөлінген қаржыны 2023 жылы да игеріледі деп болжанды", - деп нақтылады Ұлттық банк.
Ұлттық банк ақпаратына сәйкес, бұл бағдарлама бойынша үй алуға ең көп өтінім Алматы, Астана, Шымкент қалалары және Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан түседі.
2022 жылдың 3 қарашасындағы ақпарат бойынша, банктер 760 миллиард теңге сомасына ипотекалық қарыз берген. Ал жалпы бұл бағдарламаға 1 триллион теңге бөлінген.
"Бағдарламаның нақты аяқталу мерзімі белгіленбеген. Бағдарлама шарты бойынша халыққа несие беру бойынша бөлінген қаражат толық игерілгенге дейін жалғасады", - делінген банк хабарламасында.
"9-20-25" бағдарламасы кімдер үшін және қанша пайызбен беріледі?
Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі кулуарда Премьер-Министр Әлихан Смайылов 2024 жылдан бастап жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтты.
"Тұрғындар тарапынан "7-20-25" бағдарламасына кеңінен сұраныс болды. Бірақ бұл бағдарламаны іске асыруға қаражат керек. Ұлттық банк өзінің лимитін қойған еді. Бұл лимит сұраныс тұрғысынан жеткіліксіз болды. Ұлттық банк мұндай шектеу қойғаннан кейін Үкімет аясында, сондай-ақ Отбасы банк және "Бәйтерек" холдингі бірлесіп қосымша бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Ол - "9-20-25" бағдарламасы", - деді Смайылов.
Жаңа бағдарлама бойынша 25 жылға 9 пайызбен ипотекалық несие беріледі.
"Қазіргі жағдайда 9 пайыз деген төмен мөлшерлеме саналады. Соны іске асыру үшін тиісті есеп-қисапты жасап отырмыз. Оған жыл сайын 150 млрд теңге керек және 8 мың отбасы немесе адамға осы ипотеканы алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін 100 млрд теңгені нарықтан тартуымыз қажет, ал Отбасы банк өзінің таза табысынан 50 млрд теңге бөлуге тиіс. Осы қаражатты қосып, 9 пайыздық ставкаға шығу керек. Бұл бағдарлама негізінен жастарға арналады деп санаймын", - деді Үкімет басшысы.
Отбасы банк "9-20-25" бағдарламасының кімдерге арналғанын айтты.
"Соңғы уақытта жас отбасылар бізге жиі хабарласып, "Бір баламыз бар, өмірлік жолымызды енді бастап жатырмыз. Бірақ бізде баспана жоқ. Біз мемлекеттік қызметкер де, бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкері де емеспіз. Біз осы санат бойынша баспана кезегіне тұра алмаймыз" деп мәселесін айтады. Бағдарлама “ставкасы” сәл жоғары болады. Өйткені, бағдарламаға қаржы нарықтан тартылады. Бағдарламаның бүкіл талабы мен барлық механизмі 2024 жылы нақты белгілі болады", - деді банк басшысы Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Жасұлан Ордабаев
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget