Биыл елімізде жаңа туған нәрестелерге қандай есімдер көп қойылды? Massaget.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросына сауал жолдап, ресми жауап алды.
Биыл ең көп қойылған есімдер тізімінде ұл балалардан Мұхаммед, қыздардан Айлин есімі көш бастап тұр. Ұлттық статистика бюросы берген ақпаратқа сенсек, биыл Қазақстанда Мұхаммед есімді 3079 және 4670 Айлин дүниеге келген.
Ал екінші орында Айсұлтан, қыздардан Медина есімі тұр. Биыл Қазақстанда 2414 Айсұлтан, 4573 Медина өмірге келген. Үздік үштікті Әлихандар мен Асылымдар жалғайды. Деректе 2292 Әлихан және 4252 Асылым дүние есігін ашқаны көрсетілген.
Биыл туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Ал жоғарыда аталған есімді балалар Түркістан, Шымкент және Алматы қаласында көп.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында Айлин есімді - 586, Мұхаммед есімді - 512 бөбек өмірге келген. Ал Шымкентте Айлин есімді - 404, Мұхаммед есімді - 383 сәби, Алматы қаласында Айлин есімді - 554, Мұхаммед есімді - 303 бала дүние есігін ашты.
Ұлттық статистика агенттігі ақпараттың ашықтығын еске салды. Ресми жауапта кез келген азамат өзімен аттас адамдар санын, есімдерге қатысты статистикалық ақпаратты stat.gov.kz сайтынан алуға болатынын айтты.
"Есімдерге қатысты ресми статистикалық ақпарат Бюроның www.stat.gov.kz интернет-ресурсында "Басты бет" / "Құралдар" / "Мен сияқты неше адам бар?" https://stat.gov.kz/instuments/likeme/ және "Танымал есімдер" https://stat.gov.kz/instuments/name/ сілтемелері бойынша қолжетімді екенін қосымша хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Қоса кетейік, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі қосымша сұрақтар туындаған жағдайда бірыңғай байланыс орталығы 1446 телефон нөмірі арқылы жауап береді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!