Мемлекет басшысы ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынастарының нәтижелерін жоғары бағалады.
"Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздің аймағыңызға жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттай аламыз. Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады деп санаймыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның шекаралас төрт облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнаған. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40 пайыздан асады. Бұл ретте еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларды құрады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін салудың маңыздылығына назар аударды. Президент осы жобаны іске асыруға жақын арада кірісуге болады деп есептейді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына айрықша тоқталды.
"Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Сонымен қатар Қытайда келесі жыл қазақ туризмінің жылы болып жарияланды. Әрине, біз отандастарымыздың сіздің елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға саяхаттап баруын қолдаймыз", - деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қазақстан Президентінің Шыңжаң өлкесіне сапары аймақаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал ететіні атап өтілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!