- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 2023 жылы тағы...
2023 жылы тағы кімдердің жалақысы өседі?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мектептер, колледждер мен балабақшалар педагогтерінің жалақысы 25 пайызға өседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы 2020 жылғы қаңтардан бастап жыл сайын 25 пайызға өсіп, 2022 жылғы қаңтарда тағы 25 пайызға өскен болатын. Осылайша, мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында мұғалімдер жалақысының жыл сайын көтерілуі оң нәтиже беріп отыр. Мұғалім мамандығына мектепті үздік бітірген түлектер келе бастады. Талапкерлердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсіп, педагогикалық мамандықтарға түсетін "Алтын белгі" иегерлерінің саны бірнеше есе көбейді. 2023 жылғы қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Сонымен қатар, мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Бұл - біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30 пайыздан 50 пайызға дейін), магистр дәрежесі үшін, сабақтарды ағылшын тілінде жүргізгені, дәптерлерді тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлігі үшін қосымша төлемдер", - деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.
Ведомство өкілі мұғалімдердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, жұмыс өтіліне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептелетінін айтты. Сондай-ақ, ол денешынықтыру мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін ай сайын қосымша ақы төленетінін де еске салды.
Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға өскенін айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова