2023 жылы "Махаббат қаласы" Парижге саяхаттау үшін қанша қаражат қажет?

Францияға бір аптаға саяхаттауға барып, Эйфель мұнарасын көру үшін қанша шығын кетеді? Шенген визасын қалай рәсімдеу керек? Ол үшін қандай құжаттар қажет? "Махаббат қаласында" қай жерлерге міндетті түрде бару керек? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Еуропа елдеріне бару үшін алдын ала дайындалу қажет. Ол үшін бірден билет алудан бастамаңыз, алдымен виза рәсімдеп алу керек. Жиһанкез, саяхатшы, блогер Руслан Меделбек Instagram-парақшасында Парижге кететін шығынды есептеп көрген екен. 

Билет

Жиһанкездің айтуынша, бір аптаға билет Ыстамбұл немесе Франкфурт арқылы 260 мың теңгеге шығады. Бұдан арзан жолы, Алматыдан Pegasus немесе Түркістан, Шымкенттен Fly Arystan арқылы 50-60 мыңға алдымен Ыстамбұлға жетіп аласыз. Ыстамбұлдан лоукостерлермен (арзан әуе компаниясы - еск.) Парижге 50-60 мың теңгемен жетуге болады. 

Қазір Алматы-Париж бағытындағы рейске билетті бір айын бұрын алсаңыз, билет 311 мың теңгеге шығады, ал лоукостерлер арқылы алдымен Ыстамбұлға, кейін Парижге жету 100-120 мың теңгеге шығады. 

Хостел немесе қонақүй

Руслан Меделбектің айтуынша, бір аптаға Парижде хостельдердегі бір орын 100 мың теңге (200 еуро) болады.

Бұдан басқа, қонақүйлердегі бір күнге бір орын 100 мың теңгеден басталады. Демек, бір аптаға 500-700 мың теңгеге шығады. Ал Airbnb порталы арқылы жалға пәтер алғыңыз келсе, 1 аптаға 180 мың теңге болады. 

Виза және сақтандыру

Ал виза мен сақтандыруға 60 мың теңге керек. Франция еліне Шенген визасын алу 60 доллар (28 мың теңге). Виза алу үшін бірнеше құжат керек. Ол үшін Қазақстандағы Франция өкілдігіне жүгінуіңіз қажет. 

"Бір аптада Парижде тамаққа, қоғамдық көлікке 100 мың теңге жетеді. Париждің бар сұлулығын көруге кемі 520 мың теңге кетеді. Ал естелікке кәдесый аламын, музей аралаймын, Эйфель мұнарасына шығамын десеңіз шығын 600 мың теңгеге дейін көбеймек", - дейді блогер.

Сондай-ақ, блогер "Махаббат отанында" қандай жерлерге міндетті түрде бару керегін айтты.

"Парижге бір аптаға барсаңыз Эйфель мұнарасын, Салтанат қақпасын (Триумф арканы), Версаль, Сакре-кер базилигін, Нотр-дам шіркеуін көріп, Париждің атмосфераға толы маңғаз көшелерін аралап, Сена өзенінің бойында Париждің романтикасын толық сезініп қайтасыз", - дейді ол.

Ал "Пари Сен-Жермен" клубының матчіне билет 50 еуродан басталады, теңгеге шаққанда 25 мың теңге. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!