Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері 16 қарашада утилизациялық алым төленетін тауарлар тізімін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайт мәліметінше, құжат 2023 жылы қаңтардың ортасында күшіне енеді. Бірақ онда президент заңдастыруды тапсырған шетелде тіркелген көліктердің бұл алымнан босатылатыны жазылмаған.
31 қазанда утиль алымы мен алғашқы тіркеу сомасының орнына 200 мың теңге мөлшерінде бір реттік төлем алынатыны белгілі болды. Бұл шешім Салық кодексіне өзгеріс енгізу жобасында жарияланған.
Экология министрлігі өкілдері Kolesa.kz редакциясына дайындалып жатқан құжат алдағы бірнеше жыл бойы қолданылатындықтан тауарлар тізімін өзгертуге болмайтынын хабарлаған.
Ал шетелде тіркелген көлікті заңдастыру жұмысы уақытша мәселе, оған жеке түзету жазылады. Қолда бар ақпарат бойынша, заңдастырылған көліктер 2023 жылы 1 қаңтардан бастап утиль алымынан босатылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!