2022 жылы қазақстандықтар 38 мыңға жуық алтын құйма сатып алған

2022 жылы қазақстандықтар 38 мыңға жуық алтын құйма сатып алған
Фото: pixabay.com

2022 жылы қазақстандықтар 38 мыңға жуық алтын құйма сатып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, 2022 жылы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттерінде жалпы салмағы 1,1 тонна 37 940 алтын құйма сатылған. 

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және кері сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,8 тоннадан астам 112 845 алтын құйма сатылды.

Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие түрі - 5 грамдық алтын құйма. Жалпы, сатылған құймалар арасында оның үлесі 30,5 пайыз - 11 558 дана. Одан кейін 20 грамдық алтын құймадан сатылғаны - 8 605 дана (23 пайыз), 10 грамдық құймадан - 8 548 дана (22,5 пайыз), 100 грамдық құймадан - 6 462 дана (17 пайыз), ал 50 грамдық құймадан - 2 767 дана (7 пайыз). Алтын құймалар Алматы, Астана және Қарағандыда көп сатылады.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі - банк пен банктік емес айырбастау пункттері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, құймаларды кері сатып ала алады.

2022 жылы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген пункттер жалпы салмағы 201,4 келі 7 703 алтын құйманы кері сатып алған, бұл - 2022 жылы сатылған алтын құймалардың 20,3 пайызы. Кері сатып алынған алтын құйманың барлығы Ұлттық банктің филиалдарына қайтарылмай-ақ, қайтадан халыққа сатылды.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ, сапа сертификаты. Сондықтан алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды бірқатар екінші деңгейлі банктер, сондай-ақ, банктік емес жекелеген пункттерден сатып алып, кері сатуға болады.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек