Қазақстанда жыл басынан бері 93 адам пойыз астына түскен, - деп хабарлайды Polisia.kz.
16 желтоқсанда Түркістан облысы Манкент станциясында жүк пойызы теміржолда белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды жанай қағып кетті. Машинист шұғыл тежеу қолданып, дыбыстық сигналдар бергенімен, басына капюшон мен құлаққап киіп алған қыз бала сигналдарды естімеген. Ол Сайрам ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов мәлімдеді.
Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 344-бабының 1-бөлігі бойынша соталды тергеу басталды. Жыл басынан бері теміржол төсемін белгіленбеген жерлерден өткені үшін көлік полицейлері 25 403 азаматты анықтап, әкімшілік жауапқа тартқан. Сондай-ақ пойыздардың шұғыл тежелуінің 2162 дерегі тіркелді, оның ішінде теміржолда адамдардың болуы себебінен - 365, үй жануарларының болуына байланысты 1537 дерек анықталған.
"Департамент пен оның аумақтық бөліністері қызметкерлерінің жүргізген профилактикалық жұмыстарына қарамастан, азаматтар теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік ережелерін бұзуды жалғастырып, соның салдарынан өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп жүр", - дейді Айтуғанов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жылжымалы құрамның астына 93 азамат түскен болса, оның 61-і өліммен аяқталған, 12 дерек бойынша балалар зардап шеккен, оның 8-і көз жұмды. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері - тұрғындардың көлік инфрақұрылымы объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерін бұзуы және өзінің жеке қауіпсіздіктеріне немқұрайды қарауы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!