Осыдан 1 жыл бұрын жаңа жыл кіре салысымен ет бағасы бірден шарықтап кеткені естеріңізде болар. Елімізде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы қарқынды дамып жатса да ет бағасының қымбаттауына не себеп болды? Басқа емес, қазақ халқының еттен таршылық көргені таңғалдыратын дүние. Халықтың үштен бір бөлігі мал шаруашылығымен айналысса да, еттің бағасы бет қызартарлықтай. Қала халқының ет жеп отырғаны түсіне кіруіне басты себеп, биылғы жарты жылдықта сауда сөрелеріндегі еттің бағасы 6,1 пайызға өскені. 2017 жылдың тек 9 айлық көрсеткіші бойынша, азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,1 пайызға қымбаттаған. Ал, ет өнімдерін жеке есептер болсақ, қой еті 12,7, сиыр еті 12,6, жылқы еті 7,5 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі қызметкерлердің айтуынша, соңғы жылдағы мал шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Ауыл шарушылығының бірінші вице-министрінің қыркүйектегі есебі бойынша, былтырғы жылға қарағанда мал шаруашылығы өнімдері биыл 3,3 пайызға артқан. Азықтың саны артқан сайын, бағаның төмендеуі, тіпті болмаған жағдайда өз қалпында қалуы қалыпты жағдай. Ал, керісінше бағаның қымбаттағанына не себеп болды? Қала базарларындағы ет саудагерлері бағаның өсуіне көп мөлшерде экспортталып жатқан ет өнімдері себеп болғанын айтады. Сонымен қатар, малды асырау үшін оған берілетін жем, шөп бағасының көтеруі де бұл жағдайға әсер еткен. Елімізде жылдың басында әр салада баға тұрақсыздыққа ұшырап, сауда тауарларының құнының өзгеруі үйреншікті жағдайға айналды. Зейнетақы бағасы мен азық-түлік бағасы жыл басында жұлқынып бір-бірімен бәсекелеседі де жатады. Бірі көтерілсе, екіншісі де қалғысы келмейді. Осы бағаның қымбаттауына түрткі болғандардың беті қалыңдаған сайын, халықтың қалтасы жұқарып бітеді. 2018 жылдың басы, жылда қайталанып жүрген жайтты биыл да қайталамаса болғаны.