- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 2018-2020 жылдарға арналған...
2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарына өзгеріс енбек
17 қыркүйек күні Астана қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы өтті. Мәжіліс отырысында депутаттар «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин жетекшілігімен талқыға салды. Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мемлекет бюджетіне қатысты баяндама жасады.
Мәжіліс депутаттарына ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын, көрсеткішін таныстырды.
«Сіздердің қарауларыңызға 2018 жылға арналған нақтыланған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы ұсынылып отыр. Болжам мына факторлар бойынша нақтыланды. 2017 жылға арналған номиналды жалпы ішкім өнім 687,9 миллиард теңгеге ұлғайып, жалпы көрсеткіш 53,1 триллион теңгеге жетті (52,4 триллион теңге – сәуірдегі бағалау). Соңғы үш айда теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 329-381 теңге аралығында өзгеріп отырды және орташа көрсеткіш 351 теңге болды. Ал теңгенің есеп айырысу бағамы 340 теңгеден 350 теңгеге дейін ұлғайтылды», - деді Сүлейменов. Министр баяндамасына сәйкес, 2018 жылы мұнай бағасы құбылмалы болған, ең төменгі баға барреліне 62,6 АҚШ долларына дейін жетті. Халықаралық ұйымдардың консенсус-болжамы бойынша мұнай бағасы – барреліне 69 доллар. Демек мұнай бағасының баррелі 55 АҚШ долларынан 60 АҚШ долларына дейін артты.
«2017 жылғы көрсеткіштерді салыстырсақ, 2018 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 58,2 триллион теңге болады деп болжанып отыр. Бұл сәуір айындағы нақтыланған көрсеткіштен 1,0 трлн теңгеге артық. Әзірге нақты жалпы ішкі өнім өсімі 3,8% деңгейінде. Негізгі салалардың өсу қарқыны бұрынғы деңгейінде. Әлемдік мұнай бағасының артуын және экономиканың өсуін ескере отырып, экспорт 56,5 миллиард долларға дейін артады, ал импорт 33,2 миллиард долларға дейін төмендейді», - деді министр. Сүлейменовтың мәліметінше, инфляция бекітілген 5-7% деңгейінде болмақ. Макроэкономикалық болжам бойынша 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлері нақтыланды. 2018 жылғы табыс (трансферттерді есептемегенде) 5 718,2 триллион теңге болмақ.
«Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілуіне байланысты, 2018 жылға арналған республикалық бюджетке Түркістан облысының бюджетінен Шымкент қаласының бюджетіне 15,1 миллиард теңге көлемінде трансферт аудару көзделіп отыр. Республикалық бюджеттің шығыстары бұрын бекітілген көлемге қарағанда 12,6 миллиард теңгеге ұлғайып, жалпы сома 9 655,6 триллион теңге көлемінде болады деп болжануда. Бюджет тапшылығы бұрын бекітілген 883,3 миллиард теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 1,5% мөлшерінде сақталды. Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдер бұрын бекітілген көлемге қарағанда 1 236,2 триллион теңгеге ұлғайып, 3 121,4 триллион теңгені құрайды», – деп қорытындылады Тимур Сүлейменов.
Жалпы отырыс барысында Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырып, қолдауға шақырды.
“2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін көтеру туралы мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасында Оңтүстік Қазақстан облысынан республикалық бюджетке кері трансферт аудару және оларды трансферттермен Шымкент қаласына қайта жіберу арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының субвенциялар көлемін бөлу көзделеді. Сәйкесінше, республикалық бюджет параметрлері мұны ескере отырып өзгереді. Нәтижесінде түсім 8 772,3 миллиард теңге болады, ол бұрын нақтыланған жоспардан 12,6 миллиард теңгеге жоғары, шығыстар да 12,6 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 9 655,6 миллиард теңгені құрайды”, – деді минстр. 2018 жылғы бюджет өзгерісінің үш бағыты бар екен.
“Біріншіден, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, оған қосымша 29,7 миллиард теңге бөлу ұсынылады. Екіншіден, 83,9 миллиард теңге қосымша қаржыландыруы бар. Бұл қаражат негізінде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
– Агроөнеркәсіптік кешен әлеуетін көтеру мақсатында 18,8 миллиард теңге, оның ішінде кейіннен ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын сатып алуды несиелеу үшін «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға 15 миллиард теңге бағыттау ұсынылады;
– Сапалы және қол жетімді тұрғын үй жобасы бойынша салымшыларға алдын-ала және аралық шартпен тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамын бюджеттік негізде несиелеуге 15 миллиард теңге жұмсау ұсынылады;
– Нақтыланған бюджет жобасында Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасы шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін берілетін екінші деңгейдегі банктердің несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесі бөлігінде субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуге 5,6 миллиард теңге көзделген;
– Елдің көлік-логистикалық хабын дамытуға қосымша 44,5 миллиард теңге бөлу ұсынылады. Осы қаражат есебінен көлік инфрақұрылымын дамыту, жолдарға күрделі және орташа жөндеу жүргізу көзделеді. «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пунктін құру және пайдалану бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған.
Үшіншіден, бюджетті іске асыру жоспары мерзімінен озып кеткен жобаларды қаржыландыру, бұрын қабылданған міндеттерді қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осылайша, 9,8 миллиард теңге қосымша қаражат білім беру, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын-үй салу, газ объектілерін салу жобаларын тездетуге бағытталады. 9,2 миллиард теңгені әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге жұмсау ұсынылады. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ мен «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ-ның өндірістік қуаттарын технологиялық жаңғыртуға 3,3 миллиард теңге бөлу жоспарланды”, – деп баяндады Әлихан Смайылов.
Биыл инфляция 5-7%-дық дәлізде қалады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.
«2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі өзгерістердің параметрлері Ұлттық банктің келісімі бойынша биыл жеке макроэкономикалық көрсеткіштерді қайта қарап, өзгеріс енгізуге негізделген. 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында инфляция 3,3% болды, бұл былтырғы қаңтар-қыркүйек көрсеткішінен төмен. Қыркүйектегі жылдық инфляция былтырғы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Ұлттық банктің бағасы бойынша, биыл инфляция 5-7%-дық мақсатты дәлізде қалады. Ал 2019 жылы ол 4-6%-дық жаңа төмен мақсаттық дәліз шекарасында қалыптасуы тиіс», – деді Ұлттық банк басшысы. Инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін, Ұлттық банк 15 қазанда базалық төлемді 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Базалық төлемнің жаңа деңгейі теңге активтеріне сұранысты арттырады және қолайлы ақша-несиелік жағдайларын сақтауға мүмкіндік бермек.
«Жылдың басынан 16 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 10,4%-ға әлсіреді және бір АҚШ доллары 366,86 теңге болды. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторлармен байланысты. Бірінші фактор – дамып жатқан елдердің валюталарына қарағанда АҚШ долларының күшеюі. Екіншіден, Ресейге қарсы санкциялардың қатаңдауы ықпал етті. Соған байланысты жылдың басынан бері ресей рублі 15%-ға әлсіреді», – деді Данияр Ақышев.
Ұлттық банк шешіміне сәйкес, 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша максимал төлемдерді анықтау тәсілі өзгерді. Төлемдер мерзім және салым түрі бойынша ерекшеленеді.
Депозиттер 1%-ға, яғни 17,7 триллион теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттер 4,1%-ға (380 миллиард теңге) өскен. Шетел валютасындағы депозиттер 2,5% (210 миллиард теңге) төмендеді. Нәтижесінде, депозиттердің долларландыруы 46%-ға азайды.
Жыл басынан бері банктердің несиесі 313 миллиард теңгеге өскен. Бұл туралы Данияр Ақышев баяндамасында былай деді: «Несие нарығы қалпына келіп жатыр. Жыл басынан бері банктердің несие көлемі 2,5%-ға немесе 313 миллиард теңгеге өсіп, 13 триллион теңгені құрады. Қайта құрылып жатқан және лицензиясынан айырылған банктерді қоспағанда, экономиканы несиелеудің жылдық өсуі 11,6%, яғни 1,3 триллион теңге болды». Биылғы 8 айда жаңа несие беру 28,1%-ға немесе 1,9 триллион теңгеге өскенін де айтты министр.
«Кәсіпорындарға теңгемен несие беру жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы тамызда 12,2%-ға дейін төмендеді. Ұлттық банктің ағымдағы басымдығы – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау. Біз Үкімет және банктермен бірге өтімділікті беру тетіктерін жедел әзірлеуге дайынбыз», - деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.
«2018 жылғы бюджетке енетін түзетулерді мақұлдадық. Бұл түзетулер биылғы Жолдауда берілген тапсырмаларды қаржыландыруға, нақты қадам жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан жыл соңына дейін Үкіметтің, жергілікті органдарда осы қаржыны тиімді игеру маңызды болып отыр», - деп қорытындылады Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Massaget.kz