ҚР Білім және ғылым министрлігі 2018-2019 оқу жылына арналған білім беру гранттарының мамандықтар бойынша тізімін жариялады. Биыл техникалық мамандықтарға бөлінген гранттар саны артқан. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев наурыз айында Президенттің бес әлеуметтік бастамасы атты халыққа үндеуінде техникалық салаға баса көңіл бөлуді айта кеткен болатын. - Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр, - деген еді. Сонымен 2018-2019 оқу жылына жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 53 594 грант, магистр мамандарды дайындауға 12 504, PhD докторларын даярлауға 2 240 грант бөлінген. Мемлекеттік білім беру тапсырыстары бойынша толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтынан қарауға болады.