Қазақстанда машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, мұнайхимия, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өнімдерін өндіру сияқты Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алты басым саласы үшін кадрларды даярлау жүзеге асырылады, - деп хабарлады primeminister.kz сайты.
«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол!» Жолдауын және 2015-2019 жылдарға арналған ҚР ИИДМБ іске асыру аясында Қазақстан экономикасының басым салаларына білікті кадрларды даярлайтын ЖОО-лар анықталды», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки ОКҚ-дегі баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда базалық ЖОО-ларда 4 700 магистрант білім алуда. Соның ішінде 2015 жылы - 1 900 адам, 2016 жылы 2 800 адам қабылданған.
Оқытудың екінші курс магистранттары қазіргі таңда ИИДМБ кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтуде. Тәжірибе өту барысында магистранттарға магистрлік жобаларды орындау мүмкіндігі беріледі.
Сондай-ақ, 2017 жылдың бірінші тоқсанында алғашқы 1 900 магистрант жұмыс істеу үшін ИИДМБ кәсіпорындарына жіберіледі. Әрбір магистрантпен олардың оқуға қабылданған сәтінен бастап бұдан арғы жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ететін үшжақты шарттар (білім алушы-ЖОО-кәсіпорын) жасалынды.
Магистранттар 47 шетелдік серіктес ЖОО-лардың және 114 ИИДМБ кәсіпорындарының сарапшыларымен бірге әзірленген жаңа 48 білім беру бағдарламалары негізінде оқытылады. ЖОО-лар 78 шетелдік ЖОО-лармен жасалынған шарттар негізінде 199 шетелдік ғалымды шақырды. Магистранттар 2015 жылы құрылған 22 зертхана базасында білім алып, магистрлік жобаларды орындауда. 2016 жылдың соңына дейін тағы 24 зертхана құрылатын болады.