2017 жылдың басында алғашқы 1900 магистрант ИИДМБ кәсіпорындарына жұмысқа жіберіледі

2017 жылдың басында алғашқы 1900 магистрант ИИДМБ кәсіпорындарына жұмысқа жіберіледі
Фото: xn--80aaldoabbfgc0aibjdq1anq.xn--p1ai

Қазақстанда машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, мұнайхимия, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өнімдерін өндіру сияқты Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алты басым саласы үшін кадрларды даярлау жүзеге асырылады, - деп хабарлады primeminister.kz сайты.

«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол!» Жолдауын және 2015-2019 жылдарға арналған ҚР ИИДМБ іске асыру аясында Қазақстан экономикасының басым салаларына білікті кадрларды даярлайтын ЖОО-лар анықталды», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки ОКҚ-дегі баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда базалық ЖОО-ларда 4 700 магистрант білім алуда. Соның ішінде 2015 жылы - 1 900 адам, 2016 жылы 2 800 адам қабылданған.

Оқытудың екінші курс магистранттары қазіргі таңда ИИДМБ кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтуде. Тәжірибе өту барысында магистранттарға магистрлік жобаларды орындау мүмкіндігі беріледі.

Сондай-ақ, 2017 жылдың бірінші тоқсанында алғашқы 1 900 магистрант жұмыс істеу үшін ИИДМБ кәсіпорындарына жіберіледі. Әрбір магистрантпен олардың оқуға қабылданған сәтінен бастап бұдан арғы жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ететін үшжақты шарттар (білім алушы-ЖОО-кәсіпорын) жасалынды.

Магистранттар 47 шетелдік серіктес ЖОО-лардың және 114 ИИДМБ кәсіпорындарының сарапшыларымен бірге әзірленген жаңа 48 білім беру бағдарламалары негізінде оқытылады.  ЖОО-лар 78 шетелдік ЖОО-лармен жасалынған шарттар негізінде 199 шетелдік ғалымды шақырды. Магистранттар 2015 жылы құрылған 22 зертхана базасында білім алып, магистрлік жобаларды орындауда. 2016 жылдың соңына дейін тағы 24 зертхана құрылатын болады.

 
T. Кіршібаев